Өткен аптада әлемде коронавирус салдарынан өлім саны 2020 жылдың наурызынан бастап осы күнге дейінгі уақытпен салыстырғанда ең төменгі деңгейге дейін түсті. Пандемия жақын болашақта аяқталуы мүмкін, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Бұл туралы сәрсенбіде Женевада өткен брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры мәлімдеді. Спикер пандемиямен күресті марафонмен салыстырды.
“Біз мәре сызығын көріп отырмыз. Біз жеңіске жақынбыз. Бірақ қазір ең жаманы жүгіруді тоқтату болар еді”, – деді Тедрос Адханом Гебрейесус.
Ол барлық елдерді ең қауіпті топтарды, соның ішінде медицина қызметкерлері мен қарттарды толығымен вакцинациялауға шақырған. Оның айтуынша, әрбір мемлекеттегі халықтың кемінде 70%-ын екпемен қамту бұл ДДСҰ алға қойған басты міндет болып табылады.
ДДСҰ деректері бойынша, өткен аптада әлемде 3,1 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Шамамен 11 мың адам қайтыс болған. Инфекция жұқтыру жағдайларының саны алдыңғы жеті күнмен салыстырғанда 28%-ға, ал өлім-жітім саны 22%-ға азайған.