Мәслихат депутаттары Астана атауын қайтару шешімін қолдады

0
190
Астана қаласы.

15 қыркүйек күнгі қоғамдық тыңдауда елорданың мәслихат депутаттары Астана атауын қайтару туралы бастаманы бірауыздан мақұлдады. Жиын Фейсбуктан тікелей эфирде көрсетілді.

Жиында сөйлеген азаматтар Астана атауын қайтару қажеттігін атап өтті.

Қаланың ономастика комиссиясының мүшесі Бүркітбай Аяған астанаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы 2019 жылғы шешімді еске алып, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін мойындау қажет болғанмен сол кездегі шешімнің өзі асығыс қабылданғанын атап өтті.

“Мемлекет тарихында мұндай оқиғалар болып тұрады. Қалаға Астана атауын қайтару туралы ұсынысымыз талаптарға сәйкес келеді. Ең бастысы ол жікке бөлінген қоғамды біріктіреді. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі түсініп, ренжімес деп ойлаймын” деді Бүркітбай Аяған.

Комиссиясының тағы бір мүшесі, Қазақстан журналистер одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы “мемлекеттің тағдыры бір тұлғаның тағдырынан қымбат” деді.

“Нұрсұлтан аты ақын-жазушылардың туындылары мен шығармаларында аталған, ол тарихтан өшпейді, бірақ бұдан әрі қарай “жаңа әрі әділ Қазақстанда” Астана Қазақстан тағдырына зор ықпал етеді. Сол себепті тарихи шешімді әділ деп санаймыз”, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Мәслихат хатшысының мәліметінше, 2019 жылы астанаға Нұр-Сұлтан атауын берген кезде елтаңба, баннерлер мен бланктерді ауыстыруға 30 миллион теңге жұмсалған. Оның сөзінше, құжаттар цифрланып жатқандықтан бұл жолы шығын аз кетуі ықтимал.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз