Білім + инновация: Көңілді әрі тапқыр өрендердің XXII ғасырға серуені

0
184

Астанада «Білім-инновация» лицейлерінің 8-11- сынып оқушылары арасында «XXII ғасыр жастары» атты көңілді тапқырлар лигасының финалдық ойыны өтті.

«Рухани жаңғыру» аясында өткен көңілді тапқырлар лигасына аймақтардан үздік шыққан 7 мектептің: Семей, Алматы, Қызылорда, Жезқазған, Кентау, Орал және Есік қалаларындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының өрендері бақ сынасты.

Халықаралық олимпиадада білім жағынан топ жарып жүрген лицей оқушылары әзіл-ысқақ кешіне жоғары дайындықпен келіп, өнерден де құр алақан емес екендіктерін дәлелдеді. Жас өрендердің сайысын тамашалауға арнайы «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен шақырылды.

Республикалық сайыстың қорытындысы бойынша, Семей қаласының өрендері Sbil Gates командасы топ жарып, ауыспалы кубок пен қаржылай сыйлыққа ие болды. Екінші орын Жезқазғанның «Нағыз қазақтарына» бұйырса, үшінші орынға ару қыздардан құралған Алматының «Алқыз» құрама командасы лайық деп танылды.

Ілияс Дастан, «Білім-инновация» қорының тәрбие және ұйымдастыру бөлімінің бас маманы:

Халықаралық аренада оқушылардың тек білімі емес, сонымен қатар осындай әлеуметтік іс-шараларға белсенді қатысқаны, спорттық іс-шараларға белсенді қатысқаны оқуға түсу барысында жоғары бағаланып жатады. Біздің де мақсатымыз балалар тек қана олимпиада медальдарын емес, осындай қабілетін өнерлерін де дамытса екен дейміз.

Аталмыш кеште жиналған қаражат «Білім-инновация» лицейінің түлегі, Назарбаев университетінің студенті Азизат Гильмееваның еміне жіберіледі. Сондай-ақ кеш барысында ауыр дертті жеңіп шыққан Астана «Білім-инновация» лицейінің, Сүлейман Демирел университетінің түлегі Диас Осман өзінің алғысын білдіріп, емінен артылған қаражатты Азизаттың анасына табыс етті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз