Лос-Анджелесте Қазақстан мәдениеті күндері өтеді

0
67
ашық дереккөзден

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 19-23 қарашасында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында Қазақстан мәдениеті мен киносы күндері өтеді, деп хабарлайды “Қазақпарат”.

«АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының мәдениеті және кино күндерін өткізу америкалықтардың қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын тудырады және қазақ-америкалық мәдени байланыстардың дамуындағы жаңа кезеңге айналады. «Spirit of the Great Steppe» – «Ұлы дала рухы» деген атаумен өтетін мәдени іс-шараның басты мақсаты америкалық көрерменді Қазақстанның ұлттық-мәдени мұраларымен таныстыру», – деп атап өтті ҚР мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы.

Қазақстанның Лос-Анджелестегі мәдени күндері салтанатты түрде 20 қараша күні Сабан театрында Ақан Сатаевтың режиссерлігімен түсірілген «Анаға апарар жол» кинокартинасы арқылы ашылады. Кинокартина көрсетілімі соңы халық әртісі А. Мұсаходжаева, халықаралық байқаулардың лауреаты Е. Құсайынов Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразиялық симфониялық оркестр, «Шабыт» және «Айгөлек» ансамблінің қатысуымен өтетін үлкен мерекелік концертке ұласады.

Атап өтерлігі, Лос-Анджелесте С.Қоджықовтың режиссерлігімен түсірілген «Қыз Жібек», Р. Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кинокартиналары америкалық көрерменге ұсынылмақ.  Фильмдер ағылшын тіліндегі субтитр арқылы қазақ тілінде көрсетіледі.

Іс-шара Қазақстан мен АҚШ елшілігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстанның кинематографиялық өнер және ғылым академиясымен бірлесіп өткізіледі.

Сабина Сайлаубай

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз