Қазақстан Қырғызстанның наразылық нотасына жауап қайтарды

0
69
ашық дереккөзден

20 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қырғыз Республикасының уақытша сенімді өкілі шақырылды. Оған Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігіне қазақстандық тараптан жауап нотасы табысталды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

«…Қазақстандық тарап ү.ж. 19 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қырғыз Республикасының Президенттігіне үміткер кандидаттардың бірімен болған кездесуіне орай Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігінің әрекетіне қатты таңданыс білдіреді.

Мемлекет басшысының әртүрлі елдердің көрнекті саяси қайраткерлерімен және саяси партиялардың басшыларымен олардың өтініші бойынша кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Бұл ретте, мұндай іс-шаралар ашық, транспарентті сипатта өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады.

Мәселен, ү.ж. 14 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенттігіне кандидаттардың бірі, бұрынғы Премьер-Министр С. Жээнбековпен осындай екіжақты кездесу өткізді.», – деп хабарлады ҚР СІМ-нің ресми сайты.

«Оған қоса, Мемлекет басшысының тұжырымдарын Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бұрыс түсіндіруіне түсінбестік білдіреміз. Аталған кездесулер барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қырғыз Республикасы президенттігіне қандай да бір нақты үміткердің пайдасына қолдау білдірген жоқ. Оның үстіне Астана және Алматы қалаларында қырғыз өкілдерімен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз халқы сенім білдіріп, сайлайтын Қырғыз Республикасының кез келген Президентімен тиімді өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін айтты..», – деп көрсетіледі хабарламада.

«Осыған байланысты Қырғыз Республикасының ішкі ісіне араласуға және ел халқының таңдауына ықпал ету әрекетіне қатысты Қырғыз тарапының ойдан шығарылған тұжырымдарын табанды түрде жоққа шығарамыз.  Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мұндай әрекеті Қазақстандық тарап адалдық танытатын, екі халық арасындағы дәстүрлі бауырластық қатынастарға және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтық қарым-қатынастар туралы шартқа түбегейлі қайшы келеді деп санаймыз…» , – деп көрсетілген.

Еске салсақ, 20 қыркүйек күні Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз Республикасы Президенттігіне үміткер Өмірбек Бабановпен Алматыда кездесуіне байланысты Бішкектегі Қазақстанның уақытша сенім жүктелген өкілі Рымтай Кәріпжановты шақыртып, қарсылық нотасын тапсырды.

Сайлаубай Сабина

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз