Елбасының Ердоғанмен жүргізген келіссөздерінің қорытындысы

0
55

Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

БАҚ өкілдеріне арнайы өткізілген брифингте Елбасы Қазақстан мен Түркияның арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын айта отырып, түрік елінің басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанмен өткен келіссөз нәтижелеріне жан-жақты тоқталды.

Нұрсұлтан  Назарбаев: Бүгін Түркия Президентімен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз өткіздік. Бұл кездесу өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Жалпы, Астана мен Анкара өңірлік және халықаралық проблемаларды әрдайым ашық талқылайтынын атап өткім келеді. Бұл мәселелер бойынша біздің ұстанымдарымыз ұқсас.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бүгін өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы екі жақты қатынастарға одан әрі тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын бар. Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жеткіземіз деп келістік.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын атап өтіп, «түрік бизнесінің капитандарымен» жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев: Жалпы, сапарым барысында құны 2 миллиард долларға жуық коммерциялық жобаларға қатысты келісімдерге қол қойылды. Алдағы уақытта бүгінгі қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін күш жұмылдыруымыз қажет.

Қазақстан Президенті түрік инвесторларын Ақтау және Құрық порттары негізінде жұмыс істеп жатқан көлік-логистика хабын дамытуға белсенді атсалысуға шақырды.

– Бүгінгі келіссөздер барысында біз көлік-транзит, мұнай-газ, әскери-техникалық, ауыл шаруашылығы, туризм, мәдениет, білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастығымызды талқыладық. Біз осы бағыттар бойынша өзара ықпалдастығымызды нығайтуға уағдаластық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Р.Ердоған Қазақстан Президентіне ресми сапары үшін ризашылық білдіріп, өткен кездесулердің нәтижесін жоғары бағалады.

Түркия Республикасының Президенті сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне қатысты келіссөздердің маңызды нәтижелеріне тоқталып, оның оң қарқынын атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз