Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

0
79

Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және оны одан әрі дамыту перспективасын талқылады, деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Қазақстанның экономикадағы және басқа да салалардағы маңызды стратегиялық әріптесі болып саналатынын атап өтті.

Кездесу барысында «Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осы жылы өзара сауда-саттық көлемі үш есе өсті. Барлық бағыттар бойынша жаңа бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Орын алған қиындықтарға қарамастан, біз алға жылжып келеміз. Қазақстан – Ресейдің ең сенімді әрі жақын серіктесі. Сонымен қатар, Байқоңыр кешеніне қатысты әріптестігіміздің дамып келе жатқанын атап өткен жөн» – деді Елбасы.

Сондай-ақ, екі елдің басшылары алдағы кездесулер кестесін талқылап, өңірлік саясаттың мейлінше өзекті мәселелеріне тоқтала отырып, екі елдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығы нәтижелі болып отырғанын айтты.

Владимир Путин мемлекетаралық байланыстарды дамытудың және нығайтудың басты факторы саналатын екіжақты кездесулердің маңыздылығы мен нәтижелілігі жөнінде сөз қозғады.

Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз