Әскерилерге тұрмысқа шығыңыздар – Н. Нығматулин Мәжіліс отырысында әзілдеді

0
92
ашық дереккөзден алынды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүгінгі пленарлық отырыста әскерилердің тұрғын үй төлемдеріне қатысты кейбір ұсыныстарға әзілмен жауап қайырды.

Пленарлық отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасына қатысты ҚР Қорғаныс Министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров баяндама оқыды.

«Заң жобасының негізгі мақсаты – баспанаға мұқтаж барлық әскери қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өмірде әр түрлі жағдайлар болады. Ажырасу жағдайында әскери қызметкердің жары отбасы құрамында болмайды, сондықтан оған тұрғын үй төлемақысы төленбейді. Неке бұзылғанға дейін жасалған барлық төлемдер бірлесіп алған мүлік болғандықтан, жалпы негізде ортақ бөліске салынады. Төлемдер саны едәуір қысқаратындықтан, әскерилерге ажырасудың пайдасы жоқ»,-деп мәлімдеді Т. Мұхтаров.

Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери болса, олардың қайсысына төлемақы төленеді деген сұраққа Мұхтаров «Үйде кім қожайын, соған төленеді», –  деп  жауап берді.

Бұл жауапқа өз кезегінде Нұрлан Нығматулин әзілмен «Қазір Талғат Сәбитұлы қоғамға хабарлама жіберді – әскери қызметкерлерге тұрмысқа шығыңыздар, олар бәрін бұйрықпен жасайды», – деп жауап қайырды.

Сабина Сайлаубай

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз