Түркияда Қазақстан мәдениеті мен киносы күндері басталды

0
143

Түркияның астанасы Анкарада екі ел арасындағы дипломатиялық қарымқатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай Қазақстан мәдениеті мен киносы күндері басталды. Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.

Аталған маңызды іс-шараның құрметіне Юнус Емре атындағы мәдениет орталығында Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен орындаушыларының қатысуымен гала-концерт өткізілді.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова аталған шараның қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толуына орай өткізіліп жатқанын мәлімдей келе, еліміздің стратегиялық әріптесі саналатын Түркия Республикасымен жан-жақты қарым-қатынасты дамыту ішкі саясатымыздың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хусейн Яйман Қазақстаннан келген қонақтарды жылы қарсы алды. Қос елдің бір халық, екі мемлекет екенін атай келе, екі ел арасындағы қарым-қатынас достық және бауырластық тұрғыда дамитынына сенімде екенін жеткізді.

Әуезді кеш барысында қазақ халқының дәстүрлі әні мен биінен шашу шашылып, күйлер орындалды, замануи эстрада туындылары шырқалды.

Түрік қауымы қазақстандық әртістердің өнерін сүйсіне қабылдап, кеш соңында тұрып қошемет білдірді.

Атап өтерлігі, Түркиядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында қазақстандық режиссер Ермек Тұрсыновтың фильм көрсетілімдері және отандық қылқалам шеберлерінің сурет көрмесі өтеді.

Сонымен қатар Қазақстан мәдениеті мен киносы күндері Түркияның Самсун қаласында да өтпек.

Сабина Сайлаубай

суреттер Қазақпараттан алынды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз