Женева қаласындағы БҰҰ Ұлттар Сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне және еліміздің БҰҰ-ға мүшелігінің 25-жылдығын атап өту бойынша іс-шаралар шеңберінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі мен швейцарлық Ибрахим Кодра қорының бірлесіп ұйымдастыруымен «Қазақстан – Ұлы Дала елі» тақырыбындағы фотокөрме өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Ашылу салтанатында Қазақстанның Женева қаласындағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова және БҰҰ мәдениет бойынша комитетінің Төрағасы Франческо Пизано сөз сөйледі. Сонымен қатар, іс-шараға Женевада аккредиттелген дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, жергілікті іскери шеңберлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты Қазақстанның алуан түрлілігін, табиғи сұлулығын және ауқымды әлеуетін көрсету, сондай-ақ еліміздің қайталанбас жерлеріне қызығушылықтудыру болып табылады. Атап айтқанда, көрме қонақтарына еліміздің ірі қалаларының тартымды тұстары, мәдени және тарихи ескерткіштері, бірегей және сирек кездесетін табиғатымыздың, сондай-ақ салт-дәстүрлеріміз бейнеленген алпысқа жуық фотосуреттер ұсынылды.
Фотосуреттердің авторлары – елімізде танымал және жас фотосуретшілер, оның ішінде, Арман Байсадықов, Қарлығаш Бөкенова, Марлен Ибраев, Оспан Әли, Жәкен Таймағамбетов, Эльмира Әбдірахимова және басқалары.
Фотокөрме 2017 жылғы 15 желтоқсанға дейін жалғасатын болады.
Жадыра Аманбайқызы