15 наурызда астананың мамандандырылған ауданаралық соты Қайрат Сатыбалдыны екі айға қамағанын хабарлады. Сот хабарламасында “қылмыстық процестік кодекстің 201 бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейді” деп жазылған.
Қайрат Сатыбалды 13 наурыз күні Алматы әуежайынан Дубайға ұшайын деп тұрған кезде ұсталған. Оған “Қазақтелекомнан” милиардтаған қаржы жымқырды деген айып тағылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, “Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіненұқсан келтірген-келтірмегені тексеріліп жатыр”.
51 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы — Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған.
Сатыбалдыұлы еңбек жолын 1991 жылы мемлекеттік қызметтен — Ұлттық қауіпсіздік қызметінен бастап, 35 жасында генерал атанды. Астана қаласы әкімінің орынбасары (1998-2000), KazakhOil компаниясының вице-президенті (2000-2003), “Қазақстан темір жолы” компаниясының бірінші вице-президенті (2005-2006) болған. 2010-2015 жылдары немере ағасы басқарған “Нұр Отан” партиясының хатшысы болды.
2015 жылы Kaspi.kz холдингінің негізін қалап, 90 пайыз акциясына иелік етті. Бірақ кейін үлесі азайып, үш жыл бұрын, ресми дерек бойынша, акцияларын түгел сатып жіберді.