«Театр – сән үшін баратын орынға айналды ма?»

0
6
фото: google
 «Театр - әркім өзінің ішкі әлемін табатын орын»

Театр – сахнаның ең киелі нүктесі. Мәдениеттің ең биік шыңы. Онда адам өзін бөлек әлемге тап болғандай сезінетін жалғыз тыныш орын.

Ең алғаш театр қазақ халқында 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда қаласында ашылды. Театрдың ашылу салтанаты Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі «Еңлік – Кебек» пьесасымен басталды. Осы тарихи сәттен бастап бүгінгі күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Жастар театры, Абай атындағы театр сынды көптеген мықты театрларымыз мәдениеттің, қазақ өнерінің жолын одан сайын биіктетті. Бұрын театрға бару көпке қолжетпес арман болатын, ал қазір екінің бірі бара алатын орынға айналды. Заманның дамуына байланысты театрдағы қойылымдардың үзінділерінен интернетте түрлі видео, тренд шығады. Осы әлеуметтік желінің арқасында театрға қызығып келушілер саны артты. Бұл дұрыс па, әлде бұрыс па?

Бір жағынан дұрыс, себебі театрға келушілер саны артса, қойылым да көбейеді, актерлерде де шабыт оянады. Театр кассадан түскен қаржыға жаңа қойылымдар қояды, жас актерлерге жол ашылады. Бірақ тағы бір қауіпі де бар: екінің бірі кіре алатын қолжетімді болғандықтан, адамдар мән-мағына алу үшін емес, жай ғана сән үшін келеді. Бұл өнердің толық бағаланбауына әкеледі. Адамдар тек әлеуметтік желідегі сол бір танылып кеткен трендті қуып келеді, спектакльді көрмейді де, себебі екі көзі видео түсірумен болады. Тіпті көпшілігі театр әдебін де білмейді. Театр – ол киелі мекен. Киімнен бастап жүріс-тұрыс, уақытылы келу секілді дүниелер – театр ережесі. Қойылым кезінде телефонның жарығы мен сөйлескен дауыс басқа көрерменге де, сахнадағы актерге де кедергі. Осындай қарапайым дүниелердің сақталмауы театр сүйгіш адам ретінде менің жаныма тиеді. Театр ол кинотеатр емес. Ол – өнер ордасы. Адамның ішіндегі өшіп қалған сезімі оянып, жүрегі жаңаратын орын.

Театр – адам жанының айнасы. Онда біз бір сағаттық қойылым арқылы мыңдаған тағдырды көре аламыз. Іштегі ой мен әлемдегі бейнені көре аламыз. Бүгінде режиссерлер де заманға сай форма іздеп, классиканы жаңаша сахналап жатыр. Бұл – көрерменді тартудың тағы бір жолы. Бірақ форма өзгергенімен, мазмұн өзгермеуі керек.

Қорыта келгенде, театр сән үшін баратын орынға айналмауы керек. Өзінің құндылығы мен киелілігін жоғалтпауы керек. Ол үшін әр көрермен театрға дайындалып келуі тиіс: қойылым жайлы оқып, кейіпкерлерді біліп, сахна әдебін сақтап. Сонда ғана театр өзінің миссиясын атқарады – адамды тәрбиелейді, ойландырады, және тазартады. Сәнді қуыпи емес, өзіміздің рухани дамуымыз үшін келген абзалырақ.

                                                                                Іңкәр Рахманқұл
                                                                             «11» сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз