“SuperStar” – әлемнің 50 – ден астам елінде өткен, миллиондаған көрермен жинаған аты аңызғаайналған музыкалық телевизиялық жоба. Бұл сахнада кезінде Келли Кларксон, Адам Ламберт секілді әлемдік жұлдыздар танылған. Енді осы мүмкіндік қазақстандық дарындарға қайта бұйырды.
Қазақстанда “SuperStar kz” алғаш рет 2003 жылы эфирге шығып, телевизия тарихында өшпес із қалдырды. Сол маусымның жұлдыздары – Алмас Кішкенбаев, Мақпал Исабекова сынды әншілер бүгінде отандық эстраданың беткеұстар тұлғаларына айналды. Араға 23 жыл салып, жоба жаңа тыныспен, жаңа есімдерді іздеу үшін қайта жанданды.
Биыл кастинг еліміздің 9 ірі қаласында: Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Атырау, Ақтау және Павлодарда өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 16 – 25 жас аралығындағы 5 мыңнан аса үміткер бақ сынаған. Олардың арасында домбырамен рэп айтатын жігіт, опералық дауысты иеленген қыз, тіпті TikTok – та миллион астам қаралым жинаған танымал әншілер де бар. Бірақ бұл жерде нағыз өнер бағаланатын болғандықтан, тек үздіктер ғана іріктелінді. Осы маусым айында “SuperStar kz” алғашқы түсірілімдерін бастап кетті. 23 жылдық үзілістен кейін көрерменді сағынышқа толы, бірақ мүлде жаңа форматтағы шоу күтіп тұр. Жобаның ерекшелігі – қатысушы тек ән айтып қана қоймай, сахналық образ, би, актерлік шеберлігін де шыңдайды. Әр апта сайын олар кәсіби вокалист, хореограф және стилистермен жұмыс істейді.
Үміткерлердің тағдырын көрермен мен кәсіби қазылар алқасы бірлесіп шешеді. Қазылар құрамында жобаның символына айналған, алғашқы маусымның финалисті, бүгінде танымал журналист Ләйлә Сұлтанқызы бар. Онымен бірге 2003 жылғы жеңімпаз, эстрада жұлдызы Мақпал Исабекова және продюсер, “Ninety One” тобының негізін қалаушы Ерболат Беделхан отырады. Үш түрлі көзқарас, үш түрлі мектеп – бұл жобаға деген әділ көзқарастың болатынының белгісі. “SuperStar kz” продюсері Ерболат Беделхан: «Біз жай ғана әнші іздемейміз. Біз сахнаны, көрерменді сезінетін, өз тарихын айта алатын тұлға іздейміз. Бұл – әлеуметтік саты. Ауылдан келген қарапайым бала ертең бүкіл елдің сүйікті әншісіне айналуы мүмкін», – дейді.
Жоба жеңімпазы елге танылып қана қоймай, шығармашылығын шыңдау үшін көптеген мүмкіндіктерге ие болады. Ал ең бастысы – халықтың ыстық махаббатына бөленеді.
“SuperStar kz” – бұл тек байқау емес. Бұл – армандар орындалатын алаң. Жаңа маусымның алғашқы шығарылымы күзде көрерменге жол тартады. Қазақстан эстрадасының жаңа болашақ жұлдыздары кім болады? Жауабын жақында білетін боламыз.
Іңкәр Рахманқұл, 11-сынып оқушысы

























































