Қаржы министрі: Референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге бөлінеді

0
188
Photo: Inform.kz

Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізуге арналған республикалық референдум өткізуге 16,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы 12 мамырда премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

“Референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 млрд 460 млн теңге бөлінеді. Орталық сайлау комиссия арнайы есеп-қисабын таныстырған. Бүгін үкімет арнайы қаулы қабылдады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді” деді министр Жамаубаев.

Республикалық референдум 5 маусымда өтеді. Азаматтар 33 бапқа ұсынылған түзетулер бойынша дауыс береді. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Қазақстанның қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған. Тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы негізгі заңның күші жойылып, жаңа конституция қабылданған соң президент билігі ерекше нығайып, күшті президенттік басқару жүйесі қалыптасты. Сарапшылардың көбі сол Конституция қабылданған соң Қазақстанда авторитарлық билік қалыптасты деп санайды. Одан бері де Конституцияға өзгерістер енгізіліп, көбіне президент билігін нығайтатын баптар қосылып отырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз