Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары басталды. Мемлекет басшысы сапар аясында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысты. Төраға Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізіп, бірнеше құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.кз.
Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаумен бастады. Артынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы мемлекет арасындағы ықпалдастық барлық бағыт бойынша жүріп жатқанын және екі ел арасындағы жаңа «алтын 30 жылдық» басталғанын айтты. Және Төраға Си Цзиньпинді Қазақстанға шақырды.
– Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, құрметті Төраға Си Цзиньпин, Сізді келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин де Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақыртуды қабыл алғаны үшін алғыс айтып, Қытай мен Қазақстан халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдесетінін атап өтті.
Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық. «Бір белдеу, бір жол» жобасын 10 жыл бұрын Қазақстанда көтерген едім, – деді Си Цзиньпин.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің келіссөзі нәтижесінде екі елдің делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы экономикалық даму саласындағы алмасу және ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай-Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісім;
3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы «Тачэн – Аягөз» теміржолын салу жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум:
4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісім;
5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Бас кеден басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына рапсты экспорттау кезіндегі фитосанитариялық талаптар туралы хаттама;