Ринаттың Ыбырай Алтынсарин туралы сөзіне Қайрат Жолдыбайұлы пікір білдірді

0
102

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Ринат Зайытовтың Ыбырай Алтынсаринді қаралап, «Бір құдайға шоқынып» деп өлең жазды деген видеосы тараған еді. Алайда бұл бейнемонтаж болып шықты. Енді осыған байланысты дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өз пікірін білдірді.

Видеоның монтажсыз толық нұсқасында, Ринат Зайытов, Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына мектеп ашып, оқыту үшін орыс патшасын алдап «Ряса» киді, «бір құдайға шоқынып» деп әдейі жазды дейді. Осыған байланысты Жолдыбайұлы бұл сөздерге дәлел бар-жоқтығын сұрады.

«Ринаттың Алтынсаринге қастандықпен жала жаппағандығы белгілі болды. “Мектеп ашу үшін шоқынған болып көрініп, орыстарды алдады” дейді. Ринаттың ниеті дұрыс. Бірақ бұл тұжырымы дәлелсіз. Тіпті шындыққа қайшы», – деп жазды Қайрат Жолдыбайұлы.

Дінтанушының айтуы бойынша, Ринаттың тұжырымы шындыққа жанаспайтын себебі біріншіден, шоқынған болып көзбояу жасаған адам көпекөрнеу “Мұсылмандық тұтқасы” деген кітап жазып, өзі сол кітап бойынша мектепте балаларды  оқытпайды мыс. Екіншіден, Ринат айтқандай Ыбырайдың үстіне кигені “Ряса” емес, кәдімгі жағалы пальто. Үшіншіден, өлеңнің түпнұсқасында “шоқынып” деген сөз жоқ. Керісінше “бір Құдайға сыйынып” делінген. Сосын “бір Құдайға шоқынып” деген қисынға да келмейді. Себебі христиандарда бір құдай емес, “үш құдай” сенімі бар мыс. Алайда Қайрат Жолдыбайұлы, Ринатқа негізсіз жала жауып жатқандарды да сынға алды.

«Ринаттың қолдаушылары да артық кетіп жатыр. Ринаттың сөзінің қате, шындыққа қайшы екенін айтқандардың бәріне “салафит, діншіл, діңкес” секілді айдар тағып, Ринатты әйтеуірі ақтауға тырысуда.  “Ринат жақсы ниетпен айтты, бірақ тұжырымы шындыққа келмейді” деп әділ бағасын бергендері жөн еді. Жалпы видеоны қасақана монтаждап,  әлеуметтік желіге сүйреп алып келгендердің ниеті дұрыс емес секілді. Қазір ақпарат тасқыны алапат заманда өмір сүріп жатырмыз. Қоғамға іріткі салғысы келетін, хайп іздеген әлі талай монтаждалған видеолар шыға береді. Мұндайда екіге бөлініп, қызыл кеңірдек болып дауласып, бір-біріне ауыр сөз  айту аз қазақтың ынтымағына сызат түсіреді. Абай болайық. Арандап қалмайық», – дейді имам Қайрат Жолдыбайұлы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз