“Ауыл” партиясы президент сайлауына үміткер ұсынды

0
307
Жигули Дайрабаев. Photo: El Dala

30 қыркүйек күні Астанада “Ауыл” партиясының съезі өтіп, партия атынан кезектен тыс президент сайлауына Жигули Дайрабаевты кандидат ретінде ұсынды. Партия мүшелерінің барлығы-дерлік ұсынысты қолдады.

Дайрабаевтың кандидатурасын съезге офлайн қатысқан 67 адам, өңірлерден онлайн қатысқан 22 делегат қолдаған. Екі адам қарсы шыққан.

67 жастағы Жигули Дайрабаев 2022 жылдың маусым айынан бері “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумына қарасты ауыл шаруашылығы кешені комитетінің төрағасы қызметін атқарып келеді. 2019-2022 жыл аралығында “Қазақстан фермерлер қауымдастығына” да жетекшілік еткен.

Ол 2021 жылғы парламент сайлауында “АDAL” партиясы атынан мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған. “Нұр Отанға” (қазіргі “Аманат”) да мүше болған.

Дайрабаев – 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауына ұсынылған алғашқы кандидат. Елде кандидатты ұсыну 23 қыркүйекте басталғанмен осыған дейін бірде-бір ұйым үміткер ұсынбаған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Өткен аптада сайлаудың 20 қарашада өтетіні белгілі болды.

Сайлау қарсаңында президент бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізіліп, президент өкілеті жеті жылдық бір мерзіммен шектелген.

Қазақстанда ресми тіркелген бес партия бар. Ресми Астана “партия құру талаптарының жеңілдеді” дегенімен 2019 жылдан бері елде бірде-бір саяси партия тіркелген жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз