Бекболат Тілеухан мәжілістен кетті

0
316
Бекболат Тілеухан

Сәрсенбі, 29 желтоқсанда мәжіліс Бекболат Тілеуханның депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты. ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, депутаттың өзі кету туралы өтініш берген. Оның өтінішін депутаттардың барлығы бір ауыздан қолдады.

“Артық айтқан сөзім болса кейбір әріптестерімнен кешірім сұраймын” деді Тілеухан мәжіліс жиыны кезінде.

“Мұндай шешім қыркүйек айында қабылданған” деді ол. Алайда ОСК өкілі журналистерге Тілеуханның “кету туралы өтінішті 28 желтоқсанда бергенін” айтты.

Экс-депутат енді бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы вице-президенті қызметін атқарады. Негізгі кеңсесі Стамбулда.

Бекболат Тілеухан – парламентте ұзақ отырған шенеуніктердің бірі. Өзінің айтуынша, “мәжілістің үш шақырылымында бес жыл депутат болған”. Сәрсенбі күні ол “мәжілістен кетсе де, “Нұр Отаннан” кетпейтінін, саяси көзқарасы өзгермегенін” айтты.

Бекболат Тілеухан 1966 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-металлург және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын орындаушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары өнер саласында оқытушы болып істеді, президент оркестріне жетекшілік еткен. Мәдениет министрлігінде түрлі қызмет атқарды, мәдениет вице-министрі болды. “Нұр Отан” партиясы атынан мәжілістің үшінші, төртінші,алтыншы және жетінші шақырылымына депутат болып сайланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз