Ұлттық банк төрағасы тағайындалды

0
275
Ғалымжан Пірматов

Бейсенбіде сенат Ғалымжан Пірматовты Ұлттық банк төрағасы етіп тағайындауға келісті. Кейін Ақорда сайтында Пірматовты тағайындау туралы президент жарлығы шықты.

Пірматовтың кандидатурасы 3 ақпандағы сенат отырысында мақұлданды. Оның кандидатурасын президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.

Пірматовтың өзі сенат отырысына келмеді. Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов оның коронавирусқа шалдыққанын айтып, бағдарламасын кейінірек таныстыратынын жеткізді.

49 жастағы Ғалымжан Пірматов 2017 жылдың тамызы мен 2021 жылдың қыркүйек аралығында “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясын басқарған. Оған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары болған. 2009 жылдан бері “БТА банкі” басқарма төрағасының орынбасары, “Қазатомөнеркәсіп” компаниясының экономика және қаржы мәселелері бойынша вице-президенті, экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі сияқты лауазымды қызметтер атқарған.

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ерболат Досаев 31 қаңтарда Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз