Мұнай құбыры, онлайн сауда, көлік зауыты… Тоқаев Қытайда қандай келісімдер жасады?

0
94

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға өте маңызды мемлекеттік сапармен барды. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың одан әрі қалай дамитынына негіз болатын ауқымды кездесу болып отыр. Сапар барысын ретімен тарқатып айтайық.

Қытай халқы ҚР президентін жоғары деңгейде күтіп алды. Оны сарапшы мамандар да салыстырмалы түрде өзге ел басшыларын мұндай ілтипатпен күтіп алмайтындығын айтуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Сиань әуежайында салтанатты қарсы алу рәсімі

Елбасы алдымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бір-біріне ыстық ықыластарын білдірді. Тоқаев Си Цзиньпинді мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін алғыс айтып, ҚХР Төрағасы лауазымына қайта сайланғанымен құттықтады. Ал Си Цзиньпин өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевты туған күнімен құттықтап, осындай маңызды датада Қытайға келіп отырғаны екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынасты растайтынын айтты.

Кездесу барысында түрлі салаларда келіссөздер жүргізіліп, екі ел делегациясы мүшелерінің құжаттарға қол қою рәсіміне ұласты.

Сапардағы ең маңызды кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз жүру туралы келісім. Бұл мәселе бұған дейін халық арасында бірнеше рет талқыланған болатын. Президент бұл жолы осындай шешім қабылдап, Қазақстан қытай туристері үшін тартымды бағыттың бірі бола алатынын айтты. Енді келісім бойынша туристер ел ішінде отыз күнге дейін визасыз жүрге алады. Ереже екі жаққа да бірдей. Қасым-Жомарт Тоқаев осы шешім елімізге Қытайдан туристердің көптеп келуіне жол ашары сөзсіз екенін айтты. Сондықтан қазір Қазақстанның 13 қаласына «Ашық аспан» режимі енгізіліп, 80 мемлекеттің азаматына визасыз келуге рұқсат берілгенін жеткізді.

Құжаттарға қол қою рәсімі

Ендігі маңызды кездесу Сиань қаласындағы қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелінде өтті. Мемлекет басшысы жиында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қатынас әлемдегі тұрақсыз жағдайларға қарамастан, қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларды құраған. Сондай-ақ Қытайдың Қазақстанға құйған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асып, елімізге қаржы құйған бес ірі инвестордың біріне айналып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Қазақстаннан Қытайға жасалатын мұнай эспортының көлемін арттыру мәселесін көтерді.

“Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген. Біз бұл салада көптен бері CNPC-мен бірге табысты жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту басым бағыттың бірі саналады. Осы ретте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісін салу өте маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салуға мүдделіміз,” – деді президент.

Кейіннен China National Petroleum Corporation (CNPC) төрағасы Дай Хоулянмен арнайылап кездесіп, энергетика, мұнай-газ өңдеу және тасымалдау мәселелерін талқылады. Жиында өнеркәсіп саласы да тыс қалмады. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру үшін KAZ Minerals және NFC компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамасын қолдап-қуаттайтынын айтты. Өйткені, осы арқылы шикізат эспорты азайып, елімізде өндірілетін мыс концентартын толық өзіміз өңдеуге мүмкіндік болатынын, сондай-ақ отандық кәсіпорындар алюминий, мыс пен мырышты арзан бағамен сатып ала алатынын жеткізді. Мәселен бұл, Лондон металл биржасындағы бағалардан 5 пайызға арзан. Бұдан бөлек елімізде сирек кездесетін металдардың қоры көп екенін, сол үшін кен өндіру және оны өңдеудің озық технологияларын енгізуге де мүдделі екенімізді атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі

Елбасы Қытайдың соңғы жылдары көлік саласында да қарқынды дамып келе жатқанын және қазақстандықтардың да оған қызығушылығы бар екенін біледі. Осыны ескеріп, екі ал арасындағы тиімді келісімге қол қойды.

“Қытайда электромобиль жасау ісі қарқынды дамуда. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Chery, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қояды,” – деді Президент.

Ал онлайн сауда саласында әлемге танымал «Alibaba», «JD.COM» секілді компаниялардың тәжірибесі Қазақтанға зор мүмкіндіктер берері анық. Бұл сала жыл санап дамып келеді және оған пандемия кезінде толық көзіміз жетті. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев JD.COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильонын ашып, қытайлық серіктестерге өз тауарларын қазақстандық қоймаларда сақтауға ұсыныс білдірді.

Президент екі ел арасындағы қарым-қатынаста Қазақстан үшін аграрлық саланың өте тиімді екенін ескере отырып, жуырда ғана Қытайға бір миллион тонна бидай жеткізу жөнінде келісім жасалғанын айтты. Дегенмен бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға болатынын жеткізді. Ал соңғы бес жылда Қазақстаннан Қытайға экспортталған майлы дақылдардың көлемі 3,5 есе, өсімдік майы 2 есе артқанын еске салды.

Қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысушылар

Мемлекет басшысы еліміздің географиялық жағдайын пайдаланып, Еуропа мен Қытайды байланыстыратын көлік дәліздерін дамыту мәселесін көтерді. Сондай-ақ, Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Бұл хабтың Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашатынын атап өтті.

“Мұндай тасымал жолы өте ұтымды екені сөзсіз. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор,” – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлардың назарын Қазақстанға аудару мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелгенін, олардың оннан бірі Қытай компаниялары екенін айтып берді.

Айта кету керек, осы сапар аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.

“Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге екіжақты қарым-қатынастың кең ауқымды мәселелері бойынша нәтижелі пікір алмастық, нақты келісімдерге қол жеткіздік, бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Жалпы, менің Қытайға мемлекеттік сапарым ойдағыдай өтті деп сеніммен айтуға болады. Қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа зор серпін береді. Қазақстанда Қытай қаржысы жұмсалған бірқатар ірі компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде CNPC, CITIC, NFC, Sinopec, Huawei сияқты корпорациялар бар. Дегенмен біз ынтымақтастығымыздың әлеуетін одан әрі игеруіміз керек,” – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент JD com электронды коммерция алаңында Қазақстанның Ұлттық павильонын ашты

Қалай десек те, Қытай елі құдай қосқан көршіміз. Бүгінгі таңда Қытаймен шекаралық 5 өткелі, 2 темір жол өткелі бар. Әлемдегі экономикасы қарқынды және тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Былтырғы жылы ішкі өнім көрсеткіші 18 трлн. долларды құраған. Екі ел арасындағы бейбіт қатынас ең маңызды дүние. Ал ол қарым-қатынасты пайдалы ете білу екінші мәселе.

Қорытындылай келгенде, Президентің ҚХР мемлекеттік сапары аясында қысқаша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы басшыларының Бірлескен мәлімдемесі;
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы индустрияландыру және инвестициялық ынтымақтастық жоспары;
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім;
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісім;
7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға күнбағыс, мақсары, соя және зығыр тұқымының шротын (күнжара) экспорттауға қойылатын санитариялық және фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама;
8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға экспортталатын бұршақ пен жасымық партияларына қойылатын инспекциялық және карантиндік талаптар жөніндегі хаттама;
9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы ҚР-дан ҚХР-ға су өнімдерін экспорттау жөніндегі хаттама;
10. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші трансшекаралық теміржолды бірлесіп іске асыруды алдын ала қарау туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі арасындағы мәдени орталықтар құру жөніндегі ниеті туралы меморандум;
12. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Коммерция министрлігі арасындағы сауда-экономикалық зерттеулер саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
13. Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Қытай Халық Республикасының Стандарттау басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
14. ҚР Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚХР Тяньцзинь қаласының Халық Үкіметі арасында Қазақстанда «Лу Бань шеберханасын» құру туралы келісім;
15. ҚР Шымкент қаласы мен ҚХР Сиань қаласы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісім;
16. ҚР Солтүстік Қазақстан облысы мен ҚХР Шэньси провинциясы арасында бауырластық байланыстар/қатынастар орнату туралы келісім;
17. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситеті мен Сиань Солтүстік-Батыс политехникалық университеті арасындағы ҚазҰУ жанынан ССБПУ филиалын ашу туралы келісім;
18. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Энергетика істері жөніндегі мемлекеттік басқару арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
19. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы» арасындағы қазақ-қытай стратегиялық энергетикалық ынтымақтастығын кеңейту туралы негіздемелік келісім;
20. Қазақстан Республикасы Техникалық реттеу және метрология комитеті мен ҚХР Стандарттау басқармасы арасындағы меморандум;
21. «Хабар» Агенттігі» АҚ мен Қытай Медиа корпорациясы (CMG) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
22. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай мұнай университеті арасындағы ынтымақтастық орнату туралы келісім;
23. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен Қытай Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылықтары университеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз