Министр Тілеуберді мен АҚШ мемхатшысы телефон арқылы сөйлесті

0
194
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Photo: MFA QAZAQSTAN

22 сәуір күні Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен телефон арқылы сөйлесті. 

Қазақстан СІМ хабарлауынша, тараптар “халықаралық күн тәртібі мен екіжақты қарым-қатынастың маңызды мәселелерін, оның ішінде кеңейтілген стратегиялық серіктестікті тереңдету перспективаларын талқылаған”.

“Мұхтар Тілеуберді президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолға қойған Қазақстанның әлеуметтік-саяси жүйесін одан әрі демократизациялауға бағытталған реформалар жөнінде хабардар етті. АҚШ мемлекеттік хатшысы “президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар жоспарын АҚШ-тың табанды қолдайтынын” мәлімдеді” делінген министрлік хабарламасында.

СІМ сонымен бірге тараптар “Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қатынастың 30-жылдығына арналған іс-шараларға дайындық пен олардың кестесі және С5+1 диалог платформасының жуырда өтетін онлайн-отырысын” да қарастырғанын атап өткен.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен телефон сұхбат барысында АҚШ “бұдан әрі қарай да Қазақстанның егемендігі, территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдай береді” деп айтқан.

“Хатшы Блинкен Қазақстан үкіметінің саяси және экономикалық реформа мен модернизацияға ұмтылысын, ауаға зиянды заттар таратпау құлшынысын қолдады, бұған қоса әйел құқығы мен мүмкіндігін кеңейту және экономикалық ахуалды жақсарту мақсатын қолдайтынын білдірді” делінген АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан хабарламада.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз