Нұр-Сұлтанда “Астана Клубының” алтыншы отырысы басталды

0
224

15 қараша күні Нұр-Сұлтанда “Пандемиядан кейінгі жаңа әлем” тақырыбына арналған “Астана Клубының” алтыншы отырысы басталды. 

Клуб жұмысы жаһандық қалыпқа келудің тәуекелдеріне арналған сессиямен басталды. Сарапшылар COVID-19 вирусы мутацияланып жатқан жағдайда жаһандық эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселесін талқылады.

Astana Club баспасөз қызметінің хабарлауынша, сарапшылар жиынның бірінші күні “Әлем қауымдастығы вирус жұқтыру және өлім көрсеткішін азайта ала ма? Жаһандық вакцинация саласындағы жағдай өзгере ме? Дағдарыстан шығу және оның әлеуметтік-экономикалық салдарын азайту стратегиясын қалай жасау керек?”, – деген сұрақтарға жауап іздейді.

Сарапшы: Astana Club Қазақстанның алдағы саясатын жоспарлауға көмектеседі

Халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабековтың айтуынша, осы жылғы Астана Клубының негізгі мақсаты, пандемиядан кейінгі Қазақстан экономикасын қалпына келтіруге байланысты мәселелерге шешім іздеу.

Халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабеков.

“Пандемиядан кейін жаңа бір әлемге аяқ басқалы отырмыз. Ол әлем қандай болады, ережелері қалай деген сұрақтарға жауап іздейміз. Қазақстанды алдағы уақытта қандай қауіп-қатерлер күтіп тұр, қай бағытта қозғалуымыз керек деген сұрақтарды талқылайтын боламыз. Астана Клубы халықаралық ұйым емес. Оның міндеті әлемнің үздік сарапшыларын, мемлекет қызметкерлерін, интелектуалдарды ел астанасына жинап бізді алаңдататын мәселелерге шешім іздеу. Бұл жиын мемлекеттің алдағы саясатын жоспарлауға қосымша көмек береді”, – деді сарапшы. 

Оның айтуынша, Астана Клубының жұмысы осы үш күнмен шектеліп қалмайды. Басқосу аяқталғаннан кейін айтылған пікірлерден арнайы сараптамалық құжат дайындалып үкіметке, президент әкімшілігіне нақты ұсыныстар жіберіледі.

Екінші сессияда әлемдік жүйедегі өзгерістерге байланысты қауіпсіздіктің жаһандық архитектурасының қазіргі күйі сөз болады.

“Кейінгі жылдары қақтығыстарға қатысты күн тәртібі сақталып келеді. Ұжымдық іс-әрекет орнына әлемдік державалардың біржақты қимылы жиі байқалады. Екінші панельдік сессияға халықаралық байланыс саласындағы еуропалық және азиялық сарапшылар шақырылды. Еуразияда ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру идеясына деген Батыс пен Шығыстың түрлі көзқарасы талқыланады”, – делінген хабарламада.

Астана Клубы талқы алаңы 2015 жылы құрылған. Жыл сайынғы жиында қауіпсіздік саласындағы өзекті мəселелер, сондай-ақ Үлкен Еуразияның жаңадан қалыптасу үрдісіндегі геосаяси жəне геоэкономикалық жағдайының стратегиялық болашағы талқыланады.

Биылғы отырыс “Пандемиядан кейінгі әлем” тақырыбын қамтымақ. Әлемнің 50-ден астам спикері жиналатын басқосу 3 күнге жоспарланған. 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз