Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесіп қырғыз-тәжік шекарасындағы ахуалды талқылады. Бұл жөнінде Kremlin.ru хабарлады.

Ресей президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, Путин тараптарды “жағдайды ушықтырмауға және мәселені бейбіт, саяси-дипломатиялық жолдармен тезірек шешу үшін шара қолдануға” үндеген.

Қырғызстан президенті 19 қыркүйекті қырғыз-шекарасында болған қақтығыстан қаза тапқандарды аза тұту күні деп жариялады. Қырғыз жағы қаза болғандар 59 адамға жеткенін хабарлады, арасында 15 жастағы оқушы да бар. 140 адам зардап шеккен.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі жексенбі күні 32-дан астам адамның қаза болғанын мәлімдеді. Арасында бейбіт тұрғындар да бар.

Қырғыз-тәжік шекарасында жағдай 16 қыркүйекте күрт ушықты. Тараптар жағдайға бір-бірін кінәлады. Жұма күні тараптар атысты тоқтату туралы келісімге келгенмен шекарада қақтығыс тыншымағаны хабарланды. Әлеуметтік желіде қақтығыстың салдарынан қираған, бүлінген елді мекендер туралы видеолар тарады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз