Тасмағамбетов ҰҚШҰ бас хатшысы болып тағайындалды

0
301
Иманғали Тасмағамбетов.

23 қарашада қазақстандық саясаткер Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы болып тағайындалды. Оның кандидатурасын ұйымның қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған. Тасмағамбетов жоспар бойынша бұл қызметті үш жыл атқарады. Бұған дейін бұл қызметті беларусь Станислав Зась атқарған еді.

Иманғали Тасмағамбетов бұған дейін Қазақстан премьер-министрі, қорғаныс министрі, Алматы мен Астана қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2017 жылдың ақпанынан 2019 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған. Кейін оның зейнетке шыққаны хабарланған еді.

Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Ресей, Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь мүше. Ұйым келісіміне сай, бес елдің бірінің тәуелсіздігіне, аумақтық тұстастығына қауіп төнгенде басқасы әскери көмек көрсетуі тиіс. Сарапшылар бұл ұйымда Ресейдың ықпалы зор екенін айтады.

Совет одағы ыдыраған соң бірнеше жылдан кейін құрылған ұйым биыл қаңтарда Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде алғаш рет әскерін басқа елдің шекарасына кіргізді.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерін елге шақырған еді. Тоқаевтың бұл шешімі Қазақстан ішінде қарсылыққа ұшыраған. Қоғамда Ресейдің ықпалы көп ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан шықпай қояды, тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деген пікір айтылған. Ал сарапшылар Тоқаев ҰҚШҰ әскерін елге кіргізу арқылы кланаралық қақтығыста билігін сақтап қалды деген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз