Трамп пен Порошенко Тоқаевты құттықтады

0
61

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісуіне орай жеделхаттар мен құттықтаулар келіп түсті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірлескен жұмысын жоғары бағалай келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен де осындай жемісті қарым-қатынас қалыптасатынын асыға күтетінін атап өткен.

«Мен Сізді еліңіздің Президенті лауазымына кірісуіңізбен құттықтағым келеді, сондай-ақ Наурыз мейрамында Сізге, отбасыңыз бен Қазақстан халқына қуаныш пен өсіп-өркендеу тілеймін. Осы күндері көптеген америкалықтар мен әлем халықтары да осы тамаша жаңару мейрамын атап өтуде. Біз елдеріміз арасындағы қатынастарда үлкен табыстарға қол жеткіздік және мен олардың дамуы жалғасатынына қуаныштымын. Америка халқы мен бизнесінің Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа бағыттарды іздеуін жалғастырып жатқанын да  алғаусыз ақ көңіліммен бақылап отырамын. Наурыз құтты болсын!», – делінген жеделхатта.

Украина президенті Петр Порошенко Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсібилігі мен өмірлік тәжірибесі Қазақстанның әрі қарай дамуына, мемлекет ретінде іргесі беки түсуіне және халықаралық аренадағы беделін бекемдеуге ықпал ететінін атап өтеді.

«Ортақ күш-жігер нәтижесінде қол жеткізілген достық пен өзара құрмет біздің елдерімізді әрі қарай да өзара тиімді ынтымақтастыққа жетелеп, екіжақты және халықаралық міндеттемелерімізді нақты орындауға алғышарт жасайтынына сенемін», – делінген жеделхатта.

Бұдан өзге Тоқаевты жаңа лауазымен Бельгия Королі, Германия президенті, Мажарстан президенті, Италия президенті, БҰҰ бас хатшысы да құттықтаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз