Иран-Ресей-Түркия сыртқы істер министрлері Астанада бас қоспақ

0
78

Ресей Сыртқы істер министрлігі Түркия, Иран және Ресей арасында Сириядағы жағдайға байланысты Астанада бас қосатынын мәлімдеді, деп хабарлайды немістің Deutsche Welle басылымы.

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богдановтың Мәскеуде жасаған мәлімдемесіне сүйенсек, Сирия мәселесіне қатысты жоғары дәрежелі Иран-Ресей-Түркия сыртқы ведоство басшыларының кездесуі Қазақстанның бас қаласында өтеді. ТАСС агенттігіне сөйлеген сөзінде Богданов жиынның наурыз айында өтетіндігін нақтылады.

Өткен апта Ресей және Түркия президенттері телефон арқылы сөйлескен еді, артынша Анкараға жақын ақпарат көздері Түркия, Иран және Ресей басшыларының Сочиде өткен жиынның екінші раундын Ыстамбұл қаласында өткізу туралы уағдаласқанын жарыса жазды.

Алайда Кремльден жасалған ресми мәлімдемеде кездесудің өтетін орны мен уақытының нақтыланбағаны айтылды.

Түркия, Ресей және Иран лидерлері өткен жылы қараша айында Сочиде бас қосып, Сирия дағдарысында бірге әрекет ету жөнінде шешім қабылдаған еді. Сонымен қатар, аталған үштік – Астанада бірнеше мәрте ұйымдастырылған Сирия бейбітшілік келіссөздерінің гаранты. Астана кездесулерінде тараптар Сириядағы соғысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп келеді.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз