Вице-премьер елде ірі коммуналды апат болмайтынын айтып уәде берді

0
58
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр. 10 қаңтар, 2020 жыл.

Осы апта сейсенбі күнгі брифингте Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр үкімет елде ірі коммуналды апаттарға жол бермейтінін айтты. 

“Шағын аудандарда, қалаларда жылумен қамтамасыз ететін қазандықта ірі апаттар болмайды деп сендіре аламын. Мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Жылулықтың бәрі қыс мезгіліне дайындыққа сай қалыпты жұмыс істеп жатыр”, – деді ол.

Вице-премьердің сөзінше, апаттар немесе технологиялық ақаулар желілерде болуы мүмкін, себебі “бұл проблемалар ондаған жылдар бойы қордаланып қалған”.

“Ол мәселелерді 1-2 жылда шешу мүмкін емес. Бюджет, тариф мүмкіндіктері шектелген. Бірақ коммуналдық қызметтер мемлекеттік органдардың қолдауымен ондай апаттардың белгіленген мерзімде жоюға мүмкіндік береді”, – деді Скляр.

Қыс түсіп, күн суытқалы Қазақстанның кемінде жеті аймағында жылу электр орталықтарында (ЖЭО) апат болып, мыңдаған адам жылусыз қалды. Атырауда бір тәуліктен бері су берілмеді. Энергетика министрлігі Екібастұз, Ақтау, Көкшетау және Теміртау қалаларының жылу беру жүйелерінде проблемалар бар екенін растап, мәселені шешу жұмыстары жүріп жатқанын білдірді. Жергілікті тұрғындар жылу берілмей жатқанын, тастай суық үйлерде тұрып жатқанын айтқан.

Өткен жылы қараша айында Екібастұз қаласында жылу электр станциясында апат болып, жүздеген үй мен әлеуметтік нысандар аязды күндері жылусыз қалды. Бұл оқиғадан кейін жылу желілерінің ескіргені айтылып, инфрақұрылымды модернизациялау үшін тарифтерді қымбаттату қажеттігі айтылған. Биыл жылу нысандарын жөндеуге бюджеттен 37 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз