«Астана» футбол клубының тарихи жеңісі

0
131

Қазақстан чемпионы «Астана» футбол клубы израильдік «Маккаби»  Тель-Авив командасын өз алаңында қабылдап, 4-0 есебімен жеңіске жетті. 

Қос команда ойынды сақ бастады. Бір-бірін барлаумен болған командалар ойынның алғашқы жарты сағатында мардымды ештеңе істей алмады. Ширақ шабуыл жасаған «Астана» ойыншылары қақпаға соққы бағыттағанмен, доп қақпашының қолынан табылып жатты. Ойынның 32-ші минутында «Маккаби» ойыншылары өз қақпаларының алдында қолмен ойнады, бас төреші Сергей Бойко 11 метрлік айып соққысын белгіледі.

Нүктеге келген Ганалық жартылай қорғаушы Патрик Твумаси допты бір жаққа, қақпашыны бір жаққа жіберіп, есеп ашты. Бірінші таймның аяқталуына үш минут қалғанда Дмитрий Шомконың әуелете асырған добына Патрик Твумаси бірінші жетіп, ойындағы екінші голын соқты.

Екінші таймды екпінді шабуылдармен бастаған елордалық команда шабуылшы Джуниор Кабананганың айып алаң сыртынан тепкен добынан кейін 3-0 есебімен алға шықты. Конголық шабуылшы «Маккаби» қақпасын қорғаған Придраг Райковичті төртінші мәрте қапы қалдырды. Кабананга араға 5 минут сала бірнеше ойыншыны алдап өткен Дмитрий Шомконың пасынан кейін дубль авторы атанды.

Ойынның қалған уақытында Қазақстан чемпионы қанша жүйелі шабуыл жасағанмен, израильдік команда бесінші голды соғуға мүмкіндік бермеді.

19 қазан күні ойналған Еуропа лигасы топтық кезеңі ойындарының үшінші турында «Астананың» қалған қарсыластары испаниялық «Вильярреал» мен Чехияның «Славия» командалары 2-2 есебімен тең түсті. Чех және испан командалары үшінші аптадан кейін 5 ұпаймен топ бастады. “Астана” еншісінде 4 ұпай бар. Екі аптадан кейін Израильде «Маккабимен» кездесетін елордалық клуб қалған екі ойынның біреуін сырт алаңда Славияға, өз алаңында «Вилльярреалға» қарсы ойын өткізеді.

«Маккабиді» 4-0 есебімен ұтқан «Астана» еурокубок тарихындағы ең ірі есебіне қол жеткізді. Сонымен қатар, елордалық клуб топтық кезеңнің алдында 6 миллион 180 мың еуро қаражат тапқан болса, өткен турда чех командасымен болған тең ойында 120 мың, израильдік команданы жеңгеннен кейін 360 мың еуро тапқаны белгілі болды.

 

(фото: Тұрар Қазанғапов)

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз