Қазақстан бокстан әлем чемпионатының 1/4 финалындағы боксшылар саны бойынша көш бастап тұр

0
183

Сербия астанасы Белградтағы әлем біріншілігінің ширек финалында он қазақстандық спортшы бақ сынайды. Осылайша Қазақстан Ресей, Өзбекстан, Куба және АҚШ елдерін 1/4 финалдағы боксшылар саны бойынша басып озды.

Биылғы әлем чемпионатына спортшылар 13 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтайды. Қазақстан құрамасы аталған дүниежүзілік біріншілікке толық құраммен қатысуда. Нәтижесінде, он спортшы ширек финалға дейін жетсе, өкінішке орай, қалған үшеуі жарысты ерте аяқтады.

Ресей сапында 13 спортшыдан 8, Куба сапында 8 спортшыдан 6, Өзбекстан сапында 13 спортшыдан 6 боксшы, ал АҚШ құрамасынан 9 спортшыдан 6 боксшы қалды.

Бокс ережесіне сәйкес, 1/4 финалда жеңімпаз атанғандар автоматты түрде әлем чемпионатының жүлдегері атанады. Жартылай финалдық жолдамаға ие болған спортшы жолдамамен қатар жоқ дегенде қола жүлдені қанжығалайды.

Белградқа әлемнің 88 елінен барлығы 510 былғары қолғап шебері келді. Соның ішінде жарысты әрі қарай 42 елдің 104 боксшысы жалғастырады.

Ширек финалға шыққан қазақстандық спортшылар мен қарсыластарының тізімі:

  • 48 келі: Теміртас Жүсіпов / Нодиржон Мырзахмедов (Өзбекстан)
  • 51 келі: Сәкен Бибосынов / Юбергуен Мартинез (Колумбия)
  • 54 келі: Махмұд Сабырхан / Майкл Тринидад (Колумбия)
  • 57 келі: Серік Теміржанов / Эдуард Савин (Ресей)
  • 60 келі: Саматәлі Төлтаев / Софьян Умиа (Франция)
  • 63,5 келі: Санатәлі Төлтаев / Риз Линч (Шотландия)
  • 67 келі: Абылайхан Жүсіпов / Чинзоринг Баттарсухийн (Моңғолия)
  • 71 келі: Асланбек Шымбергенов / Юрий Захареев (Украина)
  • 75 келі: Нұрқанат Райыс / Сальваторе Кавалларо (Италия)
  • 80 келі: Нұрбек Оралбай / Владимир Мирончиков (Сербия)

2 қарашада әлем чемпионатының күндізгі сессиясы сағат Нұр-Сұлтан уақытымен 18:00-де басталады. Күндізгі кезеңде Қазақстан сапынан Теміртас Жүсіпов, Махмұд Сабырхан, Абылайхан Жүсіпов, Нұрқанат Райыс және Саматәлі Төлтаев шаршы алаңға шығады. Ал кешкі сессия елорда уақытымен сағат 23:00-ге жоспарланған. Кешкі сессияда отандастарымыз Санатәлі Төлтаев, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Асланбек Шымбергенов және Нұрбек Оралбай шығады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз