Қазақстан футзал құрамасы әлем чемпионатының фавориті. Дәстүрлі футбол қашан дамиды?

0
433

Биыл Қазақстан футзал құрамасы кіші футболдан Литвада өтетін әлем чемпионаты 2021 турниріне қатысады. Турнир 12 қыркүйек және 3 қазан аралығында өтеді. Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен клубтарының әлем және Еуропа біріншіліктеріндегі жетістігін дәстүрлі футболмен салыстыруға келмейді. Жоғарыда жазылғандарға тоқталмастан бұрын Қазақстан футзалының тарихына үңілейік.


Кіші футбол немесе футзал   

Қазақстан ұлттық құрамасы футзалдағы алғашқы матчын 1996 жылы өткізді. Алғашқы ойын Иран құрамасына қарсы Тегеран қаласында 1 мамыр күні өтті. Сол күні қазақстандықтар 14-2 есебімен есе жібереді. Бұл нәтиже қазіргі күнге дейін Қазақстанның ең үлкен есеппен жеңілуі. Сөйтіп, 2002 жылға дейін ұлттық құрама Азия Футбол Конфедерациясында (AFC) өнер көрсетті. Осылайша Азия біріншілігінде 1999 жылы қола, 2000 жылы күміс медаль иегері атанса, ал 2001 жылы ¼ финалда жеңіліс тапты. Бертін келе Қазақстан құрамасы UEFA (Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы) сапында өнер көрсетіп жатыр. Еуропа біріншілігіне алғаш 2016 жылы қатысып, қазақстандықтар бірден қола медальға ие болды. Одан кейін араға екі жыл салып кезекті Еуропа біріншілігінде ел құрамасының жолы болмай төртінші орынға тұрақтады. Ал, әлем чемпионатына да алғаш 2016 жылы қатысып жақсы нәтиже көрсетті. Топтық кезеңде 2-орын алса, ⅛ финалда испаниялықтарға есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады. Ендігі кезек биылғы Литвада өтетін әлем чемпионатында. Бұл әлем чемпионаты 2020 жылы өтуі керек еді. Алайда, пандемияға байланысты көптеген әлемдік додалар секілді бір жылға шегерілді. Бұл жарысқа ұлттық құраманың ойыншысы Дінмұхамбет Сүлейменов ерекше дайындалған болатын. Себебі ол футзалдан ұлттық құрама сапындағы әлем біріншілігіне қатысып соңғы ойынын өткізбекші еді. Осылайша турнир бір жылға шегеріліп, Дінмұхамбет өз ойындағыдай болмаса да, абыроймен футзалдағы мансабын ұлттық құрамада ең көп матч өткізген ойыншы (73 ойын) ретінде аяқтады.

Дінмұхамбет Сүлейменов / Футзалдан ұлттық құрамада ең көп матч өткізген ойыншы (73 ойын).

Былтыр 3 желтоқсанда шыққан FIFA (Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясы) рейтингі бойынша Қазақстан футзалдан үздік ондыққа кіріп, 116 елдің ішінен 7 орынға табан тіреген.

Футзалдан әлем чемпионаты-2021. Литва

Қазақстан футзал құрамасы Литвада өтетін әлем чемпионатының А тобында өнер көрсетеді. Турнир 12 қыркүйекте басталып 3 қазанда аяқталады. Қазақстанның топтық кезеңдегі қарсыластары әлем чемпионатының алаң иесі Литва және Америка құрлығынан келген Венесуэла мен Коста-Рика құрамалары болады.

Алғашқы ойын 12 қыркүйек күні Коста-Рика құрамасына қарсы өтеді. Одан кейін 15 қыркүейкте Литваға, 18 қыркүйекте Венесуэла құрамаларына қарсы ойын өткізеді. Қарсыластар туралы қысқаша айта кетер болсақ, FIFA (Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясы) рейтингісі бойынша Қазақстанға ең жақын 23 орынмен Венесуэла, одан кейін 25 орында Коста-Рика және 75 орында Литва елі тұр. Осылайша А тобының басты фавориті қазақстандықтар деп айтуға толықтай негіз бар. Қазақстан футзал құрамасының барлық ойындарын Qazsporttv телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.

Жалпы Литвада өтетін әлем чемпионатында 24 мемлекеттің құрамасы 6 топқа бөлініп, өзара жарысады. Плей-офф кезеңіне топтағы 1 және 2 орын иеленген командалар шығады. Бұдан бөлек ⅛ финалда 16 құрама өнер көрсетуі үшін топтық кезеңде жоғары ұпайлар жинаған тағы 4 құрама плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Осы әлем біріншілігіне қатысу үшін Қазақстан құрамасы екі кезеңнен өтті. Басты іріктеу кезеңі осыдан екі жыл бұрын 23-26 қазан аралығында өтсе, екінші элиталық іріктеу кезеңі 2020 жылы 3-5 ақпан аралығында өтті.

Басты іріктеу кезеңі
23.10.2019 Қазақстан – Албания (4-0 жеңіс)

24.10.2019 Қазақстан – Голландия (5-0 жеңіс)
26.10.2019 Қазақстан – Румыния (4-2 жеңіс)

Элиталық іріктеу кезеңі
03.02.2020 Қазақстан – Румыния (1-3 жеңіліс)

04.02.2020 Қазақстан – Словения (4-3 жеңіс)
05.02.2020 Қазақстан – Чехия (5-2 жеңіс)

Осындай нәтижеден кейін Қазақстан құрамасын көптеген сарапшылар турнирдің басты фавориттерінің бірі деп те атайды. Дегенмен құраманың бас бапкері Рикардо Кака тілшілерге берген сұхбатында барша турнир былай тұрсын топтық кезеңге жоғары жауапкершілікпен қарайтынын білдірді.

“Барлығы бізге оңай топқа түскенімізді айтады. Оларға ең жақсы топ – бұл менің WhatsApp-тағы отбасылық чатым деп жауап беремін. Біз әлі көп жұмыс атқаруымыз керек, себебі әр команданың мықты және әлсіз тұстары болады,”-дейді ұлттық құраманың бас бапкері Рикардо Кака.

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака.


Қазақстанның футзалдан клуб деңгейіндегі  жетістіктері

Енді қазақстандық футзал клубтарының ел ішіндегі біріншіліктен бөлек шетелдік додалардағы жетістігіне тоқталайық. Қазір 2021/2022 Қазақстанның футзал маусымында 10 клуб өнер көрсетеді. Былтырғы маусымда “МФК Жетісу” банкрот болып, лиганы 8 клуб аяқтады. Биыл жаңадан ақтөбелік “МФК Рахмет” клубы маусымға тоғызыншы команда ретінде қосылды. Ал, оныншы команда әзірге белгісіз. Бұл туралы алдағы уақытта міндетті түрде білетін боламыз.

фото: diapazon.kz / МФК Рахмет

Қазақстан футзал клубтарының ел ішінен бөлек чемпиондар лигасында үлкен абыройы бар. Оның себебі алматылық “АФК Қайрат”. Қайрат екі мәрте футзалдан чемпиондар лигасының алтын  (2013, 2015), бір мәрте күміс (2019) және үш мәрте қола медалін (2009, 2011, 2017) жеңіп алды. Бұдан бөлек 2014 жылы клубтық әлем суперкубогінің алтын жүлдегері және дәл сол додада 2015 жылы күміс жүлдегер атанды. Осының арқасында қазіргі таңда ешқандай іріктеусіз қазақстандық екі клуб чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алады. Биылғы маусымда атыраулық “МФК Атырау” және алматылық “АФК Қайрат” клубтары кезекті жолдамаға ие болды. Бұл екі клуб, футзалдан Қазақстан біріншілігіндегі нәтижесіне қарай таңдалады.

АФК Қайрат

Дәстүрлі футбол

Жоғарыда айтқанымыздай Қазақстан футзалы дәстүрлі футболға қарағанда көптеген жетістікке жеткен. Бірақ әлем таңдана қарайтын спорт түрі дәстүрлі футбол болғаны үшін мұны көпшілік біле бермейді. Тіпті көптеген қазақстандықтардың хабары да жоқ. Әрине бұл Қазақстанның футболы кері кетіп барады дегеніміз емес. Футболдан ұлттық құраманың соңғы ойындарына көз салсаңыз шынымен мақтанарлық тұстары көбейіп келе жатқанын байқайсыз. Онымен қоса клубтар арасында елордалық “Астана”, алматылық “Қайрат”, қарағандылық “Шахтер” мен қостанайлық “Тобыл” командалары Қазақстан футболын Еуропаға жақсы қырынан паш етуде. Дегенмен, әрқашан бір “әттеген-ай” дейтін сәттер болады. Көбіне өз алаңында ойнағанына қарамастан шетелдік клубтарға есе жібереді, чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен конференция лигасына дейін түсіп кетеді, ең сорақысы жемқорлыққа ұрынады немесе клубтар банкрот болып бірнеше футболшының айлығы төленбей қарызға белшесінен батады.

Ендігі кезекте Қазақстанда футзал секілді футболдың дамуы және футбол секілді футзалдың атақты болуы өте қажет дүние.



 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз