ҰОК қысқы олимпиадаға қатысатын спортшылар тізімін жариялады

0
190
Photo: Olympic.kz

Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі қысқы спорт түрлерінен Бейжің Олимпиадасына қатысатын ұлттық құрама тізімін жариялады.  Қысқы Олимпиадада ел намысын 34 спортшы қорғайды.

Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының (FIS) шешімі бойынша, Қазақстан командасына шаңғымен жарысудан қосымша бір жолдама берілді. Бұл тағы бес дисциплина бойынша бақ сынауға мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ, фристайл-могулдан тағы бір квота бөлінді.

Шаңғымен жарысудан Қазақстан атынан екі ер адам және бес әйел адам сынға түседі. Олар: Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могулдан бақ сынайтын спортшылар тізімі: Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.

Шаңғы акробатикасынан Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев Қазақстан намысын қорғайды.

Тау шаңғысынан қазақстандық Захар Кучин слалом мен гигантты слаломда сынға түссе, әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая жарыс жолына шығады.

Шаңғымен секіруден Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Олимпиада жолдамасын иеленді, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаровқа сенім артамыз. Ол аталған спорт түрі бойынша Олимпиадаға алғаш рет қатысып отырған қазақстандық ретінде тарихта қалмақ.

Биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузинге жанкүйер боламыз.

Шорт тректен бес спортшы бақ сынайды. Олар – Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Осылайша, қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алды. Елдің көк туын Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдова көтеріп шығады.

Азаттық сайты таратқан ақпаратқа қарағанда, Қазақстаннан Пекинге жүздей адам сапар шекпек. Олардың арасында 34 спортшы, 20 жаттықтырушы, 7 сервисмен, 7 штаб қызметкері, 10 дәрігер және бірнеше БАҚ өкілі бар.

Қазақстан делегациясының олимпиадаға баруына 228 млн теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, қысқы олимпиадаға спортшылардың дайындығына шамамен 400 млн теңге кеткен. Демек, Қазақстанның Пекин олимпиадасына шығыны 600 млн теңгеден ( 1,3 миллион доллардан аса қаржы) астам ақша жұмсалмақ.

Пекин олимпиадасы 4-20 ақпанда өтпек. Пандемия кезінде өтетін ойынға 95 елден 4 мыңнан аса спортшы қатыспақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз