5 тамыз күні Токио Олимпиадасында каратэші Дархан Асаділов кумите бағдарламасының жартылай финалында франциялық Стивен да Костаға есе жіберіп, қола медаль иегері атанды. Осылайша Дархан, Қазақстан қоржынына жетінші қола медальді салды.
Отандасымыз финалға шығу үшін Әлем чемпионы (2018) франциялық Стивен Да Костамен бақ сынаған еді. 67 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде жарысты А тобында бастаған Дархан барлық қарсыласын сенімді ұтты. Қазақстандық каратэші алғашқы жекпе-жекте түркиялық Эрай Шамданды, осыдан кейін әзірбайжандық Фирдовси Фарзалиевті, жапониялық Наото Сагоны, мысырлық Әли Эльсавиді тізе бүктірген болатын.
Осылайша Қазақстан қоржынында әзірге 7 қола медаль. Оларды зілтемірші Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов және дзюдошы Елдос Сметов пен еркін күрестен Нұрислам Санаев жеңіп алды.