Токиодан қоламен оралған Елдос Сметовке көлік сыйлады

0
323
Токио олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовке кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов көлік кілтін табыстап тұр.

27 шілде таңертең Алматы әуежайына Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов келді. Оны ата-анасы мен журналистер, жерлестері күтіп ады.

Балуанға құрмет көрсетіліп, ел ішіндегі қолы ашық азаматтар көлік мінгізді. 

“Бұл біздің Елдоспен келіскеніміз бойынша, олимпиадада киген кимоносын көлікпен алмастырамыз”, – деді кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов. 

Балуан Елдос олимпиадаға кетер алдын және медаль алған кезде де хабарласып қолдауын аямаған ағалары Жұмабек Жанықұлов пен Руслан Берденовке алғысын жаудырды. 

“Алтын” армандап барсам да, бұйырғаны “қола” болды. Оған да қатты қуандым. Өйткені күллі қазақ мен үшінші орын алғанда “Елдостың қоласы бізге алтыннан артық” деп жар салды. Енді міне құшақтарын ашып күтіп алып жатыр. Бұдан артық бақыт бар ма?” – деді Елдос Сметов. 

Токиода өтіп жатқан олимпиаданың алғашқы күні қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов 60 келіде қола медаль иеленді. 

Токионың қоласы – Сметов үшін олимпиаданың екінші медалі. Ол 2016 жылы Рио олимпиадасында финалда жеңіліп, күміс медаль иеленген.

Сметовте тек олимпиада алтыны жоқ еді. 2015 жылы әлем чемпионатында, 2014 жылы Азия ойындарының алтынын алған.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз