Сулейман Демирел университетіндегі жаңа оқу жылы студенттер қауымы үшін қызықты жобамен басталды. 19-29 қыркүйек аралығында оқу орнының бастамасымен алғаш рет жүлде қоры 6 000 000 теңгені құраған Hackathon апталығы (Hackweek) ұйымдастырылды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Hackweek шарасы бағдарламалық қамтамасыз ету саласында Senim бизнес ортасының алдында тұрған мәселелердің шешімін қарастыруға, сонымен қатар байқауға қатысушылардың бағдарламалаудағы практикалық дағдысын қалыптастыру әрі жас IT-мамандары (ақпараттық технологиялар мамандары) арасында кадрлық потенциалды анықтауға бағытталды.
Университет студенттері арасында үлкен қызығушылық тудырған Hackathon жас таланттардың айқындалуына үлес қосты. Оған қатысуға жалпы саны 20 топ өтініш білдірды. Оның ішінде 14 топ әділқазылар алқасының алдына өз жұмыстарымен шығу мүмкіндігіне ие болды. Нackweek қатысушылары он күннің ішінде стратегиялық ойлау, аналитика және арнайы техникалық тапсырмаларды шешу қабілеттерін көрсете білді.
Senim.kz компаниясы атынан келген мамандардың айтуынша, университет студенттері олардың күткендерінен де жоғары нәтиже көрсетті. Барлық команда өзіндік ерекшеліктерін ортаға салды. Жоба нәтижесінде 5 жеңімпаз-команда финалға шықты.
Оқу орнының арнайы айлық шәкіртақысына ие болған командалар:
– SingleLadies (AugmentedReality + Fintech)
– ARwin (AugmentedReality)
– Antihype (Telegrambot)
– .com (Telegrambot)
– Elarys (OCR)
Айта кетерлігі, Elarys (OCR) командасы бірінші курс студенттерінен құралса да, жоғарғы курс студенттерімен бәсекеге түсе алатындықтарын дәлелдеді.
Жеңімпаз 5 команданың әрбір қатысушысы ай сайын қазан-мамыр айлары аралығында 50 000 теңге көлемінде шәкіртақы алып отыратын болады. Сондай-ақ, олардың Senim.kz компаниясында тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бар.
– Университетіміздің саясаты бойынша, біз үшін әрбір студент, әр оқытушы, әр түлек – клиент қана емес, сонымен қатар бүгінгі әрі ертеңгі серіктес-әріптестеріміз. Біз үшін ұзақ мерзімді жобалар маңызды: түлектеріміздің карьерасы мен бизнесі қаншалықты алға басса, біздің де жетістікке жеткеніміз. Әлем білім беру саласындағы жаһандануға аяқ басып келеді. Сол себептен біз collaborative business and economics қағидаларын ұстануымыз керек , –
деген қорытындыға келді университет ректоры Қанат Қожахмет.
Сулейман Демирел университеті (СДУ) 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның 9-шы Президенті Сулейман Демирелдің қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Алматы облысы Қаскелең қаласында орналасқан жаңа және заманауи корпусқа ие СДУ осы жылы Қазақстанның жоғарғы оқу орындары (ЖОО) арасында жүргізілетін рейтингіде үздік ондықтан орын алды. Ал ақпараттық технология саласындағы көрсеткіштері бойынша еліміздің ең үздік оқу орны деген атқа ие болды. СДУ – еліміздегі үш тілді білім беру стандартын озық үлгіде орындап келе жатқан бірден бір жоғарғы оқу орны. Университет дайындаған мамандар еңбек нарығында жоғары бағаланады: түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие.