Қазақстанда 211 медицина қызметкері вирус жұқтырған

0
92
Photo: rbc.ru

Қазақстанда коронавирус жұқтырған 979 адамның 211-і – медицина қызметкері. Бұл туралы 13 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің жетекшісі Людмила Бүйрабекова мәлімдеді.

74 медқызметкерге вирус COVID-19 дертіне шалдыққандарды емдеу кезінде жұққан. Ал қалғандары – коронавирус жұқтырғандарды емдеу шарасына тартылмаған ауруханалар мен медицина орталығының қызметкері.

“Коронавирус жұқтырғандарды емдеу шарасына атсалыспаған ауруханаларда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің COVID-19 дертіне шалдығу фактісі көп екенін айта кеткен жөн. Бұл дәрігерлер басқа пациенттерге де вирус жұқтыруы мүмкін. Мәселен, Нұр-Сұлтанда COVID-19 дертіне шалдыққандарды емдеу шарасына тартылмаған Кардиология ғылыми ұлттық орталығының сегіз, Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының 16, Мейірім медицина орталығының жеті қызметкеріне вирус жұққан” деді Бүйрабекова.

Вирус жұқтырған дәрігерлердің басым бөлігі – Алматы, Нұр-Сұлтан, СҚО және Атырау облысында. Министрлік өкілінің сөзінше, 13 аймақтағы дәрігерлерден вирус табылған.

Алматыда кейінгі екі күнде вирус жұқтырған 27 адамның бәрі – медицина қызметкері. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, олар 1000 қызметкері бар қаладағы ең ірі орталық клиникалық ауруханада жұмыс істеген. Вирус жұқтырған медқызметкерлермен байланыста болған 316 адам оқшауланған. Алматыдағы жағдай бойынша эпидемиологиялық тергеу басталғаны хабарланды.

Қазір елде 979 адамға жұқты. 110 науқас дерттен айықты. Министрліктің дерегінше, 21 адамның жағдайы ауыр. 12 адам қайтыс болды. 13 сәуірде Ақмола облысындағы қарттар үйінде коронавирус жұқтырған бір адам, ШҚО-да бір адам көз жұмған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз