СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ҚҰРБАНДАРЫ

0
108

Әлемде 2018 жылдың қаңтар айынан бері кәсіби қызметіне байланысты 57 тілші қаза тапқан. Олардың көпшілігі қызмет барысында қаза тапса, енді бірі кейбір материалдары саяси мүддеге қауіп төндіргендіктен қасақана өлтірілген. Енді бірі әскери қақтығыстар барысында қаза тапқан. “Шекарасыз репартерлер” ұйымы 2017 жылы тілшілер үшін ең қауіпті жерлер қатарына Сирия мен Мексика жатқызса (2017 жылы Сирияда 12, Мексикада 11 тілші қаза тапқан) Ауғанстан мен Ирак үшінші, төртінші орынға қалдырған. Ұйым өкілдері бұл мемлекеттердің қатарына Түркия Республикасын да қосады. Түркияда 2017 жылы 140 тілші лаңкестік ұйым өкілі деген жаламен қамауға алынған. Ал биылғы жылы бұл көрсеткіш едәуір өзгерген. 2018 жылы тілшілер үшін қауіпті мемлекеттердің алғашқысы Ауғанстан (13 журналист қаза тапқан). Екінші орында Америка Құрама Штаттары және Мексика (әрқайсысында 6 адамнан). 

Ресейлік үш журналист Орхан Джемаль, Александр Расторгуев және Кирилл Радченко ресейлік “жеке меншік әскери Вагнер” компаниясы туралы деректі фильм түсіру  барысында 2018 жылдың 31 шілдесінде Орталық Африка Республикасында қасақана өлтірілген.

Болгариялық Виктория Маринова сыбайлас жемқорлыққа байланысты мәселелерді қозғаған хабардан кейін қасақана өлтіріп кеткен. Оның мүрдесі қалалық саябақтың бірінен табылған. Тексеріс нәтижелерінен кейін Виктория есімді тілшінің қаскөйлердің қолынан сексуалдық зорлық көрсетілгеннен кейін басынан соққы беру және тұншықтыру әдістерін қолданып өлтіргені мәлім болған.

Мальталық тілші Дафна Каруана Галиция 2017 жылдың 16 қазанында қасақана өлтірілді. Көлігіне қашықтықтан орналастырылған жарылғыш заттың әсерінен қаза тапқан мальталық журналист елдің премьер-министрі мен оның көмекшісінің сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар екенін растаған. Каруана Галиция қаза болардан бірнеше күн бұрын өзіне қоқаң-лоққы жасалғанын айтып шағымданғанымен ешбір көмек ала алмаған. Дафна Каруана Гализияның адам аяусыз тәсілмен өлтірілуі батыс Еуропаны дүр сілкіндірді.

Словакиялық журналист Ян Кучак пен оның құрбысы Мартина Куснирова 2018 жылдың ақпан айында өз үйінде оққа ұшып қаза тапты. Ян Кучак италияндық мафияның Словакия билігімен байланысы бар екенін зерттеп бірқатар дәлелдерді қолға түсірген.

Мексикалық Мирослава Брич 2017 жылдың 23 наурызында басынан оқ ату арқылы өлтірілген. Журналист Мексикадағы есірткі картельдері мен биліктегі сыбайлас жемқорлық туралы тақырыптар бойынша тергеу жүргізген. Тілшіні өлтірген қаскөй мүрдесінің жанына “сатқынға” деген жазба қалдырып кеткен.

Ирак тілшісі Шифа Гарди 2017 жылдың 25 ақпанында Ирактың солтүстігінде жарылыстан қаза тапты. Шифа Гарди күрдтердің “Rudaw” телеарнасында Ирак мемлекеттік әскерінің “Ислам мемлекеті” лаңкестік ұйымымен жүргізген ұрыстарын бақылауға алған бағдарламаның жүргізушісі қызметін атқарған. “Ислам мемлекеті” лаңкестік ұйымының қолынан елдегі көптеген тілшілер дарға асылған және көпшілігі лаңкестік ұйымның қолында қамауда.

Өзбекстандық тілші Салиджон Абдурахманов 2008 жылдан бері есірткі таратты деген жаламен қамауда отыр. Бұл туралы ақпаратты “РШекарасыз репартерлер” ұйымы таратқан.

Түркиядағы “Die Welt” неміс газетінің тілшісі Дениз Юджел 2017 жылдың 14 ақпанында  лаңкестік ұйымның құрамында деген жаламен қамауға алынған. Билік Дениз Юджелді лаңкестік ұйымға мүше бола отырып, оны насихаттайтын ақпараттар таратты деп айыптауда. Түркия сотының шешіміне сәйке ол әлі 5 жылын қамауда өткізеді. Түркияда 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс әрекетінен кейін 140 журналист бас бостандығынан айырылған. 

Гао Ю қытайлық тәуелсіз журналист. 2014 жылы құпия ақпаратты таратты деген жаламен тұтқынға алынып 2015 жылы 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда, халықаралық ұйымдардың көмегімен тілші қамаудан босатылған. Қазіргі уақытта Гао Ю үй қамағында. 

Әзірбайжандық Мехман Гусейнов. Мехман – Әзірбайжандағы ең танымал бейне блоггерлер мен журналистердің бірі. Шенеуніктердің арасындағы ұрлық-қарлық туралы шындықты ашық айтқан тілші. Журналист бұл қылығы үшін де бірнеше рет жалдамалы жендеттердің қолынан азапталған. 2017 жылдың наурызында полиция басшысына жала жапты деген айып тағылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз