Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта ел тарихында алғаш рет әйелдер сән апталығы басталды. 10 сәуір кешке төрткүндік мәдени шараның алғашқы сән көрсетілімі өтті. Дегенмен, сән апталығының талабы қатал: сән көрсетілімін көру тек әйелдерге рұқсат етіледі, түсірілімге тыйым салынған.
Эр-Риядтағы араб сән көрсетілімі апталығына қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен сән саласындағы танымал тұлғалар келді, атап айтқанда, Роберто Кавалли және Жан-Поль Готье де бар.
Сауд Арабиясындағы сән апталығында әйелдердің тек етегі ұзын ұлттық киімдер, «абайя» мен «никап», киюі саяси дабыл ретінде қарастырылуда, деп жазады Dw.com.
Сауд Арабиясында жаңғыру үрдісі
2017 жылдың қыркүйегінде Саудия королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Сауд елді жаңғырту үрдісінің басталғанын хабарлады.
Атап айтқанда Корольдің бұйрығымен әйелдердің көлік тізгіндеуіне тыйым алынып тасталды. Қаңтардан бастап әйелдер футбол матчтарына қатыса алатын болды, ал болашақта әйелдер күйеулерінің рұқсатынсыз жеке фирмаларын аша алады. Бұдан өзге мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман әйелдердің киіміне қатысты ережелердің жұмсаруы ғажап еместігін алға тартты.
Жақын күндері Сауд Арабиясында соңғы 35 жылдан кейін алғаш рет қоғамдық кинотеатр ашылады. 2030 жылға дейін ел аумағында 350 кинотеатр ашылуы тиіс деп хабарланады. 1980 жылдары кинотеатрлар және өзге де ойын-сауықтық мекемелерге елдің консервативті билігі шешімімен тыйым салынған еді.