Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Түркия Республикасына ресми сапармен барды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Түркияға сапары барысында Қайрат Әбдірахманов Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлумен кездесіп, экономикалық келісім-шарттарды жасау, ынтымақтастық, транзиттік-көліктің әлеуетін одан әрі дамыту мәселелерін талқыға салды.
Министрлер Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитіне дайындықты және Астанада орналасқан Түркі академиясы қызметі айналасында әңгіме өрбітті.
Сонымен бірге келіссөздер барысында тараптар Сирия жөніндегі Астаналық үдерісті одан әрі нығайтуға қолдау көрсетті.
Қ.Әбдірахманов «Сириядағы жалғасып келе жатқан қақтығыстың жағдайында Астана Сириядағы қантөгісті тоқтатудың жалғыз тиімді алаңы болып қала бермек. Кепілдік беруші елдер – Түркия, Ресей және Иран – соғыс әрекеттерін тоқтату режимін бақылау үшін үш жақты тетікті, ұсталғандарды алмастыру жөніндегі жұмыс тобын, қаза тапқан адамдардың денесін тапсыру және жоғалған адамдарды іздестіру тетігін құрып, деэскалация аймағын құру туралы Меморандумға қол қойды. Бүгін Астаналық үдеріс өз жалғасын ғана емес, жергілікті жағдайды жақсарту үшін халықаралық қолдауды қажет етеді. Сонымен бірге, біз БҰҰ қамқорлығымен Женева алаңын саяси тұрғыдан шешуге арналған тұғырнама ретінде толығымен қолдауымыз керек», – деп атап өтті.
Еске саламыз, 2017 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға артып, 1,9 миллиард долларды құрады.