«Ғылым мен техниканың дамуына тұрақты түрде қаржы салып отыратын мемлекеттер өз халқының баққуаттылығын қамтамасыз ете отырып, міндетті түрде жаһандық трендті игеретін болады», – деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысында.
Мемлекеттік хатшы отырыс барысында ғалымдар, өндіріс жаңашылдары, ғылыми-техникалық зиялы қауым өкілдері, ел экономикасының дамуына, ұлттың зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын жеткізді. Әрі әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығы ғылым мен техника қайраткерлері еңбегінің қоғам мен мемлекет тарапынан жоғары бағалануы екенін тілге тиек етті. Атап өтерлігі екі жылда бір рет 7 сыйлыққа дейін беріледі. Мемлекеттік сыйлық лауреатына берілетін қаржылай сыйақы құны 2017 жылы 18 600 000 теңгені құрайды. Сыйлық алу үшін барлығы 24 жұмыс келіп түсіп, алдын ала іріктеуден екінші кезеңге оның 11-і өткен.
Аталған комиссия отырыс қорытындысы бойынша ҚР әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру үшін Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын жұмыстардың тізімін айқындады. Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын мемлекет басшысы Нұрсұлтан НазарбаевТәуелсіздік күні қарсаңында табыстайды.
Атап өтсек, Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы – ғылым мен техника қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбектерін биік бағалау нышаны.
Сабина Сайлаубай