Мысырда “Ағайынды мұсылмандар” қозғалысының мүшелеріне өлім жазасы тағайындалды

0
221
дереккөзден

Мысырда 2013 жылы Мұхаммед Мүрсиді биліктен тайдырғаннан кейінгі наразылыққа қатысқан 75 адамға аса ауыр жаза тағайындалды. Бұл туралы BBC хабарлайды.

Huffington post ақпарына сәйкес, өлім жазасына кесілгендердің қатарында “Ағайынды мұсылмандар” қозғалысының көшбасшылары Исам Арьян, Мұхаммед Балтаги, танымал уағыздаушылар Сафат Хиғази мен Вагди Гонейм бар. Өлім жазасына кесілген 75 адамның 44-і абақтыда, ал 31 адамға өлім жазасы сырттай тағайындалған. Аталған іс бойынша жалпы есепте 700 адам істі болған.

“Ағайынды мұсылмандар” қозғалысымен тығыз байланыста болған Мұхаммед Мүрси билікте бір жылдай отырды. 2013 жылы Мүрси билігі әскери төңкеріс салдарынан құлатылды. Мүрси тараптастары үлкен қарсылық танытты: наразылық шерулеріне шықты, Каирде палаткалы шағын қалашықтар құрды, қуып шыққаннан кейін барша ел бойынша “Ашу шеруін” ұйымдастырды. Ел аумағында көп қантөгіс болды, 600-ге жуық адам қаза тапты.

“Ағайынды мұсылмандар” елдегі жергілікті полиция бөлімшелеріне шабуыл жасап, салдарынан онға жуық полиция мерт болды.

Бұл жайттан кейін билікке келген Абдулла-Фаттах Сисидің жетекшілігімен аталған ұйымның мүшелеріне қарсы шаралар қолданыла бастады: ұйымның 100-ге жуық мүшесі өлтірілді, мыңдаған мүшесі тұтқынға алынды.

75 істіге қатысты шығарылған өлім жазасы 28 шілдеде Мысырдың бас мүфтиіне жеткізілді, мүфти өлім жазасы құзіретіне қатысты кеңес береді. Мысыр заңына сәйкес, мұндай жағдайларда бас мүфтидің пікірі міндетті түрде сұралады, дегенмен, міндетті күшке ие емес.

2014 жылдың маусымында Мысыр соты “Ағайынды мұсылмандар” қозғалысының 183 мүшесіне өлім жазасын кесті, дегенмен, кейіннен бұл шешім алынып тасталды. Бірақ аталған қозғалыстың бірнеше мүшесі өлім жазасына кесілді.

Өлім жазасына сондай-ақ елдің экс-президенті Мұхаммед Мүрси де кесілді. Оған тағылған айып – жаппай тәртіпсіздіктерге ат салысу, 2011 жылғы көтеріліс кезінде абақтыда отырған тұтқындардың қашуына мүмкіндік беру. Дегенмен, касациялық соттың шешімімен экс-басшыға қатысты өлім жазасы алынып тасталды.

2015 жылы Мүрси президенттік лауазымы тұсында наразылыққа шыққандарды тұтқындау және зорлық-зомбылық көрсету айыбы бойынша 20 жыл абақтыға қамалды. Сол сәттен бері Мүрсидің “Ағайынды мұсылмандар” қозғалысының қызметіне тыйым салынып, оның мүшелері тұтқындалды. 2016 жылдың қыркүйегінде Мүрси Катарға құпия ақпараттарды берді деген айыппен тағы 25 жылға сотталды. 2017 жылы Мүрси сот билігін тілдеді деген айыппен тағы 3 жылға жаза алды.

Сафина Саид

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз