Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қоғамды астаналық тұрғынның жәндіктің шағып алуы салдарынан көз жұмуына байланысты асығыс шешім қабылдамауға шақырды. Біртанов тексеру амалдары әлеуметтік желілердегі мәлімдемелер арқылы дайындалмайтынын алға тартты.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында денсаулық сақтау министрі қоғамдық денсаулықты сақтау бойынша Комитет тексеру амалдарын тіркегендерін және оны құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып заңдық тұрғыда жүзеге асыратындарын алға тартты.
Алдын ала пікір білдіруге ерте деген министр қаза тапқан әйелдің отбасына көңіл айтты.
“Себебі не болса да, бұл үлкен қайғы. Қазір асығыс шешім қабылдамауға шақырар едім. Марқұмның туыс-туғандарының ашу-ызасы мен әлеуметтік желілерде тараған жазбалар түсінікті жайт. Бірақ, қанша дегенмен, нақты жауабын күтейік. Біз әлеуметтік желілерде таралған жазбаларға қарап тексеру амалдарын жүргізбейміз”, – дейді Е. Біртанов.
Министрдің мәлімдеуінше, аталған жайт өзінің қатаң бақылауында. Біртанов шокқа қарсы және гормоналды дәрі-дәрмектер анафиликатикалық реакция тудыруы мүмкін екендігін алға тартты. “Егер қате кетсе, біз ештеңені жасырмаймыз, мәселенің шешімін табамыз. Бірақ, медицина қызметкерлерін кінәлау меніңше, қате”, – деп түйіндеді.
Еске салсақ, 31 тамызда Астана қаласының 28 жастағы тұрғыны бірінші қалалық емханаға дәрігер қарауына жүгінген. Келіншек масаның шағып алуы салдарынан көз алдында пайда болған ісік үшін ақ халаттыларға шағымданған. Қалалық емхана дәрігерлері науқасқа аллергияға қарсы препарат еккен. БАҚ таратқан ақпарға сәйкес, денсаулық сақтау вице-министрі кейіннен , препараттты еккен кезде науқаста “шок көрінісі” болғандығын хабарлады. Науқасты өкпені жасанды желдету аппаратына ауыстырғаннан кейін жүрегі тоқтап қалған.