110 жылдық тарихы бар білім ордасында ұстаздар мерекесі өтті

0
608
Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясы.

5 қазан адамзатты білім нәрімен сусындатуды мақсат еткен мұғалімдер мерекесі. Мектептің жүрегі саналатын бекзат мамандық иелерінің күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде тойланып жатыр. Айтулы күн қарсаңында Астана қаласындағы №4 Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-гимназияға ат басын бұрдық. 

Елордада орналасқан білім ордасына биыл 110 жыл толып отыр. Бүгінде мектепте 132 мұғалім, 2012 оқушы бар.

Білім ордасына кіргеннен ұстаздарын құттықтауға асыққан шәкірттер мен жайдары мұғалімдер бейнесі бірден байқалады. Әрқайсының құшағында шоқ гүл бар. Шамалыдан соң мектеп оқушылары арнайы дайындаған мерекелік концерт басталады. Бір мезетте немересін жетектеген зейнеткер ұстаз келіп бірінші қатарға жайғасты. Бұл осы мектепті бітіріп, жоғары білім алған соң қайта келіп 50 жыл ұстаздық еткен Дәмеш Өмірбекқызы.

70 жастан асқан зейнеткер ұстаз Дәмеш Өмірбекқызы немересімен

Концерт залы ақырындап тола бастады. Ұстаздарына бар өнерін арнауға ниеттенген шәкірттер дайындықтарын пысықтап жатыр. Сәлден соң мерекелік кеш басталады.

Өнерпаз шәкірттер мұғалімдеріне арнап ән айтты, биледі тіпті, ұстаздарымен қосылып ән шырқады.

Мектеп директоры Базаркүл Сағындыққызы ұжымды төл мерекесімен құттықтап ақжарма тілегін арнады. Бала оқытудағы орасан зор еңбектері үшін басын иіп құрмет көрсетті. Бірқатар мұғалімдерге құрмет грамотасы табысталды.

Базаркүл Сыздықова ұстаздық жолын 1995 жылы Қарағанды қаласында бастаған. 2000 жылы Астанадағы ер балаларға арналған Білім-инновация лицейіне ауысады. № 4 мектеп-гимназияда қызмет атқарып жатқандығына 10 жылдың жүзі болды. Концерт соңында Базаркүл ханымды әңгімеге тартқанымызда: “Ұстаз үшін ең үлкен сыйлық шәкірттерінің жетістігі. Қай жерге барсам да алдымнан күлімдеп шәкірттерім шыға келеді. Әрдайым хабарласып жаңалықтарымен бөліседі. Кез келген мұғалім үшін бұдан артық бақыт бар ма?”, – деді.

Барша ұстаздың басын қосқан мерекелік жиын соңы естелік суретпен аяқталды.

№4 мектеп-гимназия ұжымы

Әбдіманап КЕҢЕС,

Сурет автордікі

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз