Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қазан айының аяғында Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен барады деп хабарлайды Стамбұл экспортерлер қауымдастығының сайты. Өзбекстан басшысының сапары Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен 25-27 қазанда өтеді деп күтілуде.
Соңғы рет екі мемлекет басшысы 10 қыркүйек күні Астанада ғылым және технология жөніндегі Ислам ынтымақтастық ұйымының саммитінде кездескен болатын. Онда келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, туризм және басқа салалардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.
Жақында ғана Шавкат Мирзиёев Түркия азаматтарына визалық режимді жеңілдету туралы жарлыққа қол қойды. Енді олар шақырусыз Өзбекстанға виза ала алады, виза рәсімдеу заңды және жеке тұлғалар үшін үш күнді құрайды.
Атап өтерлігі, Түркия мен Өзбекстан арасындағы қазіргі тауар айналымы 1,2 млрд долларды құрайды. Бүгінгі күнге дейін түрік құрылыс компаниялары Өзбекстанда 2 миллиард доллардан астам сомаға 110 жобаны жүзеге асырған. Бұдан өзге Өзбекстандағы түрік компанияларының инвестициясы 1,2 млрд долларды құрайды.
Сабина Сайлаубай