Оқи отырыңыз: Жымысқы операциялар – Хашоггидің өліміне кім кінәлі?
АҚШ Сауд Арабиясының журналисі Жамал Хашоггидің өліміне байланысты Эр-Риядқа санкция салды. “Магнитский заңы” аясында салынған қаржылық шектеуге Сауд Арабияның 17 азаматы ілінді.
“Қара тізімге” енгендер арасында Сауд Арабиясының Стамбулдағы бас консулы, барлау қызметінің полковнигі және тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салманның кеңесшісі бар. АҚШ Қаржы министрлігі аталған адамдар журналисті өлтіру операциясына қатысқан деп атады.
Washington Post басылымының шолушысы, соңғы жылдары Эр-Риядтың саясатын сынап жүрген оппозициялық журналист Жамал Хашогги 2 қазан күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына құжаттарын рәсімдеуге кіріп, қайтып шықпаған.
Эр-Рияд әуелде Жамал Хашоггидің жоғалуына қатысы жоғын айтқанымен, екі аптадан соң журналистің арнайы қызметтің “рұқсат берілмеген операциясы барысында” қаза тапқанын мәлімдеген еді. Кейін Сауд Арабиясының прокуроры журналистің қасақана өлтірілгенін мойындаған. Бірақ Хашоггидің денесі сол күйі табылмады.
Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Тақ мұрагерінің жоғары шенді бес кеңесшісі қызметтерінен босатылды.
Азаттық радиосының хабарлауынша, 15 қарашада Сауд Арабиясының прокуроры Жамал Хашоггиді өлтіру туралы бұйрықты Стамбулға аттанған келіссөз тобының басшысы бергенін мәлімдеді. Олар Хашоггиді Сауд Арабиясына әкелмек болған. Прокурор 11 адамға айып тағылғанын жеткізді. Бірақ Эр-Рияд бұл іске ел билігінің қатысы жоқ деп отыр.
Батыс елдері мен Түркия билігі мұнымен келіспейді. Олар журналисті өлтіруге тақ мұрагері ханзада Салманның қатысы болуы мүмкін деп есептейді.