13 қараша күні сирек кездесетін алқызыл түсті 19 карат гауһар тас (Pink Legacy) Женевадағы “Christie’s” аукционында 50 миллион долларға сатылды.
Пішіні төртбұрышты келген бағалы тасты мамандар түс қанықтығы жөнінен ең жоғарғы санатқа жатқызды. Сарапшылардың пайымдауынша, «асыл тастың ерекше қасиеті мен табылған жері оның құнын еселей түскен».
“Алқызыл түстің қанық болуы сирек, сондай-ақ формасы мінсіз және салмағы 19 карат”, – дейді Еуропадағы Christie’s аукционының төрағасы Франсуа Куриэль. “19 караттық гауһар тастың мұндай сапалы болуы өте сирек кездеседі”, – деді ол.
Бағалы тас «Anglo American» алтын өндіру корпорациясын құрған және «De Beers» Алмаз тау-кен кәсіпорнын басқарған “Oppenheimer” отбасының жинағында болған. Ол Оңтүстік Африкадағы кен орындарының бірінде шамамен 100 жыл бұрын табылыпты. Euronews хабарлауынша, бриллианттың жаңа иесі Harry Winston зергерлік үйі.