NASA бизнесмен Илон Масктың виски ішіп, наша шегіп отырғаны туралы бейне роликтен кейін Boeing және SpaceX корпорацияларында ауқымды тексеру жүргізеді. Бұл туралы америкалық Washington Post газеті хабарлады. NASA қызметкерлері аталған корпорацияларда жұмыс процесі қалай сақталатынын және қауіпсіздік талаптары қаншалықты орындалатынын тексереді.
Қыркүйектің басында SpaceX корпорациясының басшысы Илон Маск америкалық танымал The Joe Rogan Experience подкасының тікелей эфиріне шыққан болатын. Ол камера алдында ішімдік ішіп, марихуана шегіп отырып технология, бизнес және қоғам туралы мәселелерді талқылаған.
Илон Масктың бұл қылығынан соң NASA басшылығы SpaceX корпорациясының басқа қызметкерлерінің әдебі қалай екен деп күмәндана бастаған. Washington Post газеті NASA SpaceX-пен бірге Boeing-ті де тексеруді жөн көргенін жазады.
Азаттық радиосының хабарлауынша, бір-бірімен бәсекелес SpaceX пен Boeing корпорациялары NASA-ның Халықаралық ғарыш станциясына астронавтар жеткізу конкурсын ұтып алған. NASA өкілі Уильям Герстенмайер мемлекет ғарышқа ұшырылатын зымырандардың қауіпсіз екеніне сенімді болуы керегін айтады.