Таразда кітапты көп оқыған оқушы миллионер атанады

0
186

Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті оқушылар арасында жүлде қоры 3 миллион теңге болатын кітап оқу байқауын ұйымдастырып жатыр. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

Жоба шартына сәйкес ақылдастар алқасы құрылған.

Алқа төрағасы – белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлы.

«Ақылдастар алқасы бірлесе отырып, 100 кітаптың тізімін жасадық. Оның тең жартысы қазақ, қалғаны орыс тілінде ұсынылады. 5-7 сынып оқушылары кемінде 15, 8-11 сынып оқушылары кемінде 20 кітапты оқу жылының соңына дейін оқып шығуы тиіс. Бұл межеден асқан адам байқау жеңімпазы атанады. Жеңімпаз оқылған кітаптар бойынша сұрақ қою әдісімен анықталады», – дейді газеттің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали.

Байқаудың жүлде қоры – 3 млн теңге. 8-11 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға – 1 млн, 2 орынға – 500 мың, 3 орынға – 250 мың теңге.

5-7 сынып аралығындағы жеңімпаздар үшін 1 орынға – 500 мың, 2 орынға – 300 мың, 3 орынға – 250 мың белгіленіп отыр.

Сондай-ақ,  байқауға қатысып, іріктеу сынынан өткен оқырмандардың барлығы сыйлықсыз қалмайды.

«Қазіргі жастар тарихы тереңде жатқан халықтың өткенінен тағылым алып, келешегі жарқын болуы үшін тәуелсіз еліміз берген барлық мүмкіндікті мүлт жібермесін деп, «Жамбыл-Тараз» газеті тағы бір бастаманы қолға алып отыр. «Кітап оқып, миллионер бол!» жобасының негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу», – дейді бас редактор.

Оның айтуынша, байқау қорытындысы 2019 жылдың 22 мамырында жарияланады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз