ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасына сәйкес жатақханадағы жаңа орындарды енгізу жұмыстары туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 22 қаңтар күні Үкімет отырысында мәлімдеді.
«2019 жылы 5 мың орынды енгізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 3,5 ай ішінде 11 мың астам орынға 20 өтініш келіп түсті, 6500 орынға 12 шарт жасалды. Олардың көбі салына бастады. 5 мың орын толығымен биылға бекітілді. Осы айдың соңына дейін келесі жылы берілетін жобалар – 4600 орынға тағы 8 шарт жасау жоспарлануда. Жоба іске асқаннан бастап білім беру ұйымдары өз қаражаты есебінен, әкімшіліктер де көмектесіп, мемлекеттік тапсырыс механизмін қолданбай 3 мыңға жуық орындық 10 объекті енгізілгенін атап өткен жөн. Оны өздері салды», – деді министр.
Сағадиев 2022 жылдың соңына дейін 75 мың жаңа орынды енгізу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«170 жер учаскесі анықталды. Олардың 121-і білім беру ұйымдарына тиесілі, 50-ін әкімдіктер бөлген. 107 жоба бойыша қаржыландыру көздері анықталған. 50 жобаны ЖОО, банк қаражаты есебінен, 57 жобаны инвесторлар қаражаты есебінен іске асыру жоспарланып отыр. Бұл механизмге жеке секторды тартуды күшейту қажет», – деді Сағадиев.
Аталған 20 жобаның алтауы реконструкция арқылы 1200 орынды енгізуді жоспарланған. Министрдің айтуынша, реконструкция қосымша жер бөлуді және көп қаржы шығындарын қажет етпейді, объектіні қысқа мерзімде енгізуге мүмкіндік береді.