АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йоркте террорлық шабуылды ұйымдастырған лаңкесті өлім жазасына лайық деп тапты, деп хабарлайды РИА Новости.
Д.Трамп Twitter әлеуметтік желісінде, «Нью-Йоркте терракт жасаған лаңкес ИМ* туын ауруханада өзі жатқан палатаға алдыруды сұрағанда қуанышты сезімде болды. Ол 8 адамның өмірін жалмай отырып, 12 адамды ауыр жарақаттады. Бұл лаңкесті өлім жазасына кесу қажет», деп жазды.
Сондай-ақ, Нью-Йорк прокурорының бірі Джуна Кима «29 жастағы террористке өмір бойына бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін», деп мәлімдеді. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізілуде.
24kz-тің мәліметінше, аталған террорлық шабуылға байланысты АҚШ Президенті Дональд Трамп алдағы уақытта Грин-карт лотореясын жедел тоқтатуға кірісетінін мәлімдеп, конгресс мүшелерін бағдарламаға тыйым салуға үндеген бастаманы қолдауға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 31-қазан күні Нью-Йорк қаласының Манхэттен ауданында жүк көлігін тізгіндеген лаңкес велосипедшілер жолына түсіп, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді қасақана өлтірді. Террорлық шабуыл жасаған лаңкес Өзбекстан тумасы, АҚШ-қа грин-кард виза лотореясын ұтып алу арқылы келген.
Жадыра Аманбайқызы