2019 жылдың 2 ақпанында Қытай халқы шығыс күнтізбесіне сәйкес, жаңа жыл – көктем мерекесін тойлайды.
Қытайлықтар үшін көктем мерекесі – наурыз мерекесіндей ерекше. Көктем мерекесі – төрт мың жылдық тарихы бар, дәстүрлі әрі маңызды мерекелердің бірі.
Осыған орай Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Қытай Жаңа жылына орай қазақстандықтарды құттықтады. Елші қытайлықтардың мерекені қалай тойлайтындығын айтты.
Көктемде ауылынан жырақ кеткен қытайлықтар туған өлкелеріне оралып, отбасымен қауышып, ортақ мерекелік дастархан басында жиналады. Бұл қытай халқының отбасын бағалау, дәстүрді құрметтеу, үйлесімдікке ұмтылу сынды ғұрпының бейнесі.
Жаңа жыл қарсаңында әр отбасы тұшпара, үзбе қамырдан даярланған тәтті дөңгелек дәмділер жасайды. Мерекелік бағдарламаларды тамашалап, бірге тамақтанып, куанышқа толы әсермен келіп жеткен жылды қарсы алады.
Үлкендер қызыл түсті қалташа немесе хатқа ақша салып кішілерге сыйлық таратса, кішілер үлкендерге мықты денсаулық тілеп құттықтайды. Адамдар өздерінің туыс-жақындарына, көршілеріне және достарына, тіпті бөтен адамдарға, «Жаңа жыл құтты болсын» деп мерекелік ақ-тілектерін білдіреді. Кейбір орындарда, ғибадатханаларда арнайы Жаңа жылдық іс-шаралар өтеді. Халық серуенге шығып, мерекелік тағамдардан дәм татып, «Арыстан», «Айдаһар» билерін тамашалайды.
2018 жылы Қытайдың реформа мен ашық есік саясатына 40 жыл толған болатын.